Оралда сұйытылған газ қымбаттап, литрі кей бекетте 120 теңгеге жеткен. Оның өзі таллонмен беріліп жатыр. Өйткені отын қоры тапшы. Бұған Атырау мұнай зауытының жөндеуге жабылуы және электронды сауда алаңдарында бағаның күрт өсуі себеп. Облыста айлық қажеттілік – 3 мың тонна болса, қазір бар-жоғы 230 тонна газ қалған.
Миржан Нұртазаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Құн өсуінің ең басты себебі - электронды тауар алаңы арқылы қазіргі таңда сұйытылған газдың құны тоннасына 134 мың теңгеден 172 мың теңгеге өсіп отыр. 95 теңгеден бастап 120 теңгеге дейін көрсетіп отыр.
Солтүстік Қазақстанда сұйытылған газ бағасы бір жарым айда 50 теңгеге қымбаттап отыр. Бүгінде жанармай құю бекеттерінде литрі 130 теңгеден сатылуда. Өңірге арзандатылған бағамен 1700 тонна газ бөлінген. Бірақ ол жеткіліксіз. Өйткені аймақ халқы айына 6 мың тонна автогаз тұтынады. Сондай-ақ, «АИ-92» маркілі бензин де 11 теңгеге қымбаттады.
Ерлан Қайырбеков, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Электрондық саудада газ қымбаттап кетті. Сондықтан сұйық отынмен қамтушы компаниялар да бағаны көтеруге мәжбүр. Өйткені олар тек шығынға ұшырайын деп тұр. Қазір облыс қорында 1300 тонна сұйық отын бар, тағы 500 тоннасы жақын күндері келуі тиіс.
Қызылордада сұйытылған газдың басым бөлігі Ақтөбе облысынан тасымалдануда. Жергілікті мұнай-газ кеніштерінен қажетті көлемде шикізат шығып жатқан жоқ. Ал баға 77-ден 115 теңгеге бір-ақ көтерілді.