Елордада бір күнде 74 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ал, бір аптада 500-ден аса көлік апатқа ұшырап, салдарынан 13 адам зардап шекті. Апаттардың күрт көбеюі ауа райының қолайсыздығымен байланысты. Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді аса сақ болуға шақырады.
Ләйлә Дулатқызы, тілші:Солтүстікке әдеттегідей қылышын сүйретіп қыс ерте келеді. Өткен жылдарға қарағанда биылғы күз ұзаққа созылғанымен, халық суыққа дайын болмай, абдырап қалды. Елорданың өзінде бір күнде 70-тен аса жол апаты тіркелді. Жұмысы күрт көбейген полицейлер жүргізушілерді сақ болуға шақырады. Жаңбырдан кейін жол тайғанақ, жылдамдықты асыру қауіпті.
Техникалық қызмет көрсету станцияларында ұзын-сонар кезек. Жүргізушілер көлік доңғалақтарын қысқы шиналарға ауыстырып жатыр. Қаладағы станцияларда бұл қызметтің құны шамемен 6-7 мың теңге шамасында. Алайда полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге да сақ болуды ескертеді. Ол үшін жолды тек белгіленген орындарда ғана өту керек.
Данияр Орал, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:Қазір ауа райы құбылмалы. Өткен аптада 592 жол-көлік апаты тіркелді. 13 адам дене жарақаттарын алып, бір адам қаза тапты. Жүргізушілерден сұрайтынымыз тұрғын үйлер мен балабақшалар, білім беру мекемелері маңайында, жаяу жүргіншілер көп жерде жылдамдықты азайту қажет.
Осы аптада ауа райы күрт суытады. Қазгидромет мамандары алдағы күндері елордада ғана емес, еліміздің көб аймағында жауын жауып, көктайғақ болуы мүмкін деп отыр.
Айгүл Алдабергенова, «Қазгидромет» РМК жетекші инженері:Алдағы үш тәулікте атмосфералық фронталды бөліктерінің өтуіне байланысты қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей жерлерде жауын-шашын, тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын және екпінді жел күтілуде.
Ләйлә Дулатқызы, тілші:Синоптиктер айдың ортасына қарай күннің көзі жылынатынын айтты. Десе де, үшінші онкүндікте қайтадан аяз түседі. Осы кезде термометр бағандары -25 градусқа дейін түсіп, жауын-шашын мен қалың қар жаууы ықтимал.
Ләйлә Дулатқызы