«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы бақылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы бақылауда

29.10.2021

Енді 4 жылда елдімекендер түгел түлейді. Ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға 100% қол жеткізеді. Кент ішілік 10 мың шақырым жол бүтінделеді. Одан қалса, инженерлік желілер жаңартылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салынады. 5 мың мектеп жаңғыртылады. Президент пәрмен берген, Үкімет жауапкершілік алған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының ұқыпты атқарылуын мемлекеттік орган басшылары бақылайды. Ақмола облысына алғашқы инспекциялық сапарды Премьер-Министр бастады.

Асқар Мамин алдымен Астраханка және Бастау ауылдарына аяңдады. Ондағы әлеуметтік нысандардың жай-күйін көрді. Агро өнеркәсіптік кешендердің жағдайымен де танысты. Жалпы, Ақмола облысында 298 әлеуетті ауыл бар. Елдімекендердің кем-кетігін түзеуге 70 млрд теңге бөлінген. 88 жоба іске асып, 1 200-ге жуық жұмыс орны ашылды. Үкімет мүшелері «Ауыл – Ел бесігі» жобасының және аймақтарды дамыту бағдарламаларының орындалу барысына инспекциялық тексерістерді бастады.

Ақмола облысы ауылдарын дамыту жалғасып жатыр. Биыл 22 млрд.тан астам теңгеге 203 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы, алдағы 4 жылға тағы 120 млрд теңге бөлу көзделген. Өңір ардагерлері және тұрғындары ілкімді істерге баға берді.

Алдымен ел аумағында әлеуетті ауылдар айқындалды. Саны 3561. Ал, ажарын ашуға 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланған. Ауыл болған соң аграрлы болуы заңдылық. Ауыл шаруашылығы саласына 4 жарым трлн теңге қаралып, мыңға жуық жоба іске асырылады. Сөйтіп еңбек өнімділігін 2 жарым есе, қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға арттыру мұраты тұр. Осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын молайтып, 500 мың жұмыс орны ашу көзделіп отыр.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу