Еуропада коронавирус күннен-күнге өршіп барады. Мемлекеттік медицина мекемелерінде орын жетіспегендіктен кей елдер ковид жұқтырғандарды жеке ауруханалар мен шипажайларға жатқызуға мәжбүр. Індеттің төртінші толқынынан сескенген ЕуроОдақ елдері шектеулерді қайта күшейтіп жатыр. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды қазір әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, Румыния ковидтен қайтыс болушылардың көптігі жөнінен әлемде алғашқы орынға шықты-дейді. Оған не себеп?
Нұрсұлу Қасым, тілші:Румынияда бір тәулікте коронавирустан 500-ден астам адам қайтыс болған. Аурухананың жансақтау бөлімдерінде орын болмаған соң, науқастарды жедел-жәрдем көлігінде тыныс алу аппаратына қосып, тіпті, Венгрия мен Польшаның ауруханаларына жіберіп жатыр. Ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болып жатқандар да көп. Эпидахуалдың нашарлауына тұрғындардың екпеге сенімсіздік танытып, салдыртпауы себеп-дейді дәрігерлер. 19 млн халқы бар елде халықтың тек 29 пайызы ғана толықтай вакцина алған. Екпе егу қарқыны төмен Болгарияда да індет өршіп тұр. Сондықтан, Латвиядағыдай бұл елде де жақын күндері локдаун жариялануы мүмкін. Германия, Австрияда коронавирусты бүгін бір тәулікте 20 мыңнан астам адам жұқтырған.Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін Чехиялықтар жұмыста қорғанышы жоғары FFP2 маскасын киюі тиіс. Бельгияда да жабық ғимараттарда, қоғамдық орындарда тұрғындарға маска кию қайта міндеттелді. Ковид сертификатсыз мейрамханаларға, мәдени ошақтарға, спортзалдарға ешкім кіре алмайды. Үкімет қызметкерлерге қашықтан жұмыс істеуге кеңес беруде. Австрияда 1-қарашадан бастап ПТР тест тапсырмағандар, екпе салдыртпағандар жұмысқа жіберілмейді. Еуропа елдерінде қазір 65-тен асқан, иммунитеті төмен азаматтар вакцинаның үшінші дозасын алуда. Италия үкіметі қаңтардан бастап екпенің үшінші дозасын ел халқының бәріне салуды көздеп отыр.
Нұрсұлу Қасым