Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччимен кездесті. Жиында елімізде қолға алынған демократиялық реформалар талқыланды және Сенат пен Бюро арасындағы ынтымақтастықты дамыту жайы сөз болды.
Ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі - демократиялық реформаларды іске асыру саласында тәжірибе алмасу екені айтылды. Парламент депутаттары алдында президенттік реформалардың төртінші топтамасын іске асыру міндеті тұр.
Президент Жолдауында депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның міндетті түрде ескерілуін заңмен бекіту керектігі айтылды.
Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларға қолдау көрсетудің тиімді тетігін әзірлеудің маңызды екеніне баса мән бергені белгілі.