Ұлттық парктерде туристік инфрақұрылым құрылысы қарқын алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық парктерде туристік инфрақұрылым құрылысы қарқын алмақ

18.10.2021

Жетісу өңірінде ұлттық табиғи парктердегі туристік инфрақұрылымды дамытуға инвесторлар 24,5 миллиард теңге қаржы салуға дайын. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрінің Іле Алатауы ұлттық паркіне сапары барысында айтылды. Ақтоты Райымқұлова «Kazakh Tourism» базасындағы жобалық кеңсенің жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Аюсай» визит орталығын аралап, инвесторлармен бастаманың пайдасы жөнінде пікір алмасты. Орталықта туристер ұлттық парк туралы ақпарат алады. Табиғатта серуендеу ережелерімен танысып, туризмге қатысты түрлі дәрістерге қатысуына мүмкіндік бар. Ғимарат толығымен ағаштан және әйнектен тұрғызылған. Табиғатқа ешқандай зияны жоқ. Мұндай визит орталықтар мен өзге де нысандар Алматы облысындағы барлық туристік нысанда бой көтереді деп жоспарланған.

Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрі:

Өзіміздің мәдени құндылықтарды біздің елдің тұрғындарына, шетелден келген азаматтарға көрсетеміз. Ең алдымен табиғатымызды, мәдениетімізді сақтауды өзімізге мақсат етіп отырмыз.


Ақтоты Райымқұлова Kazakh Tourism ұлттық парк

Хабарламаларға жазылу