СҚО-да ауыл тұрғыны ләңгі ойынын жаңғыртып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да ауыл тұрғыны ләңгі ойынын жаңғыртып жүр

16.10.2021

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Мейрам Рыспаев ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері мен ойындарын қайта жаңғыртып жүр. Олардың қатарында қазіргі жастардың арасында екінің бірі біле бермеймін ләңгі ойыны да бар. Қызылжардағы меншікті тілшіміз Эльмира Кәленова ұлттық құндылықтарды дәріптеген теріскейлік тұрғынмен арнайы кездесті.
Эльмира Кәленова, тілші:
Ләңгі – қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындарының бірі. Ол баланы ептілікке, жылдамдыққа тәрбиелейді. Ләңгіні жерге түсірмей, кім көбірек тепсе, жеңіс сол топтікі.
Ләңгі тебу – сырт көзге қарағанда оңай көрінгенімен, дағды керек. Булаев қаласында тұратын балалар арасында бұл ойын сәнге айнала бастаған. Жасөспірімдерді ұлттық ойындарға баулып жүрген - «Достық» саябағының қызметкері Мейрам Рыспаев. Оның тәрбиеленушілері бұл жолы жамбы атудан да сынға түсті. Оған қажет бұйымның бәрін шебер өзі жасаған. Ал жақында оқушыларға «бес асық» ойынынын үйретуді қолға алды.
Сезім Ерлан, оқушы:
Ләңгіні мен көп ойнамағам. Осы мектепке келген соң ойнадым. Өте қызықты және маған ұнады. Атадан ләңгіні тебуді үйрендім, асық, асықтың 5 тас ойыныны садақ атуды.
Шебер ағаштан бұйымдар жасаумен қатар тері илеп, арқан еседі. Ләңгіге қажеттінің барлығын өзі дайындайды. Ал сұраған адамға тегін береді.
Мейрам Рыспаев, «Достық» саябағының меңгерушісі:
Қорғасынсыз ләңгі тері ұшпайды. Сондықтан бұған қорғасын салынады. Қорғасын ләңгіні ұшқанда парашют сияқты төмен қарай ақырын өзінің ауаменен салмағымен төмен қарай түседі. Тепкенде ыңғайлы және ықшам. Ойнауға да жақсы.
Мейрам Қағошұлының зайыбы Алқа Абайқызы да өнерден кенде емес. Мейірбике болып істейтін ол қолы қалт етіп босай қалса, тігіншілікпен айналысады. Өнерін табыс көзіне айналдырған. Тапсырыспен ұлттық бұйымдар тігеді.
Алқа Рысбаева, шебер:
Шапан тігемін. Мынау шапанға 25 түлкі кетті. Отағасыға тіккем. Қолөнері. Бәрі қолдан. 

Мейрам Рыспаев бойындағы өнердің әкесінен дарығанын айтады. Бала кезден жылқы тақымдап, аң аулаған. Ендігі арманы - бүркіт баптап, құсбегі атану.

 Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу