СҚО-да кәсіпкерлер қарызын даулап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да кәсіпкерлер қарызын даулап жүр

18.04.2023

Петропавлда коммуналдық қызмет көрсеткен компаниялар қала әкімдігі жанындағы «Комунхоз» мекемесінен қарызын ала алмай жүр. Атқарушы орган жалпы саны 30-ға тарта мердігерге 1,2 млрд теңге берешек. Кейбірі 2021 жылдан бері алашағын даулап жүр. Мәселенің мән-жайын әріптесім Эльмира Кәленова анықтады.

Бұл мердігерлер қар тазалау, көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу сынды жұмыстарды атқарған. Ал қазір құшақ-құшақ қағаз арқалып, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр.

Нариман Мұстафин, кәсіпкер:

2021 жылы қар шығардық. 28 млн 448 мың теңгенің, міне 2 сот өтті. Сол екі соттан бері ақшамызды ала алмай жүрміз. Қарызымызды жаба алмай жүрміз. Жұмысшыларға қарыз, дүкендерден запчасть алғанбыз.

Былтыр мердігер компаниялар қарызын даулап, «Коммунхозды» сотқа берген. Арыз қанағаттандырылып, коммуналдық мекеменің шоттары бұғатталды. Директоры бөтеннің мүлкін иеленді, талан-таражға салды деген күдікке ілінді. Үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Елена Селина, кәсіпкер:

Бірнеше келісімшарт бойынша жұмыс істедік. Соттың шешімі бар, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Белшеден қарызға баттық. Уақытылы жалақы төленбегендіктен жұмысшылар тұрақтамайтын болды. Ақшаның қолымызға тиетініне сенбейміз.

Қалалық әкімдік өкілдері «Коммунхоздың» шоттары бұғаттаулы болғандықтан тиісті қаржыны аудара алмағанын айтып отыр. Жыл басында коммуналдық мекеме керісінше, қалалық әкімдікті сотқа берген.

Эльмира Сәдуақасова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

Коммунхоз қазіргі таңда бізді, қалалық әкімдікті және біздің 2 бөлімді сотқа беріп отыр. Иск қазір қарастырылып жатыр. Соның шешімі бойынша әрі қарай жұмыстар жүргізілетін болады.

Қазір кәсіпкерлердің бірі салық пен несие қарызын өтей алмай, екіншілері жұмысшыларына жалақы төлей алмай жүр. Ал 3 жыл бойы жиналған «Коммунхоз» қарызын сот төлеуге міндеттесе ғана қайтарылады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу