Арктика мұзының еруінен қоршаған ортаға қырғи-қабақ соғыстан қалған радиоактивті заттар, антибиотиктерге төзімді бактерия мен жаңа вирустар тарауы мүмкін. Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Зерттеу авторларының сөзінше, Кеңес Одағы Жаңа Жер архипелагы жағалауында 130 ядролық сынақ өткізген. Бұған қоса, Баренц және Кар теңіздерінде 100-ден астам атомдық сүңгуір қайықтарды батырғанын еске салды. АҚШ болса, сол тұста Гренландияда ядролық қондырғыларды қолданып, мұзасты зерттеулерін жүргізген. Ал, мәңгі мұздықтар еритін болса, улы қалдықтар сумен араласып, экологияға қауіп төндіреді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл сценарийді болдырмас үшін Париж климаттық келісімінің ережелерін қатаң сақтау, жаһандық ауа температурасының көтерілуін 1,5 градустан асырмау маңызды.
Арай Төлегенқызы