Әлем елдеріндегі коронавирусқа қатысты жағдайға тоқталайық. Румынияда эпидахуал күрделі. Ауруханаларда науқастарды қабылдайтын орын жоқ. Ал, Австралияның Виктория штатында фельдшерлерге көмекке қорғаныс күштері тартылды. Сонымен бірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Солтүстік Кореяға вакцина жөнелте бастады. Тақырыпты Арай Төлегенқызы толықтырады.
Румыния дәрігерлері коронавирус өршігендіктен өздерін "майданда" жүргендей сезінетіндерін мәлімдеді. Ауруханалардың жан сақтау бөлімінде науқастарды қабылдайтын орын жоқ. Осы аптада бір тәулікте инфекция 15 мың адамнан анықталған. Онымен байланысты өлім-жітім деңгейі де артып отыр. Аурулардың алдын-алу және бақылау бойынша Еуропалық орталықтың мәліметінше, бұл елде халықтың 1\3-і ғана ковидке қарсы иммундалған. Демек, коронавирустың өршуіне елде вакциналау деңгейінің төмен болуы да себепші.
Камелия, дәрігер:Өткен түнде 20 жедел жәрдем көлігі кезек күтіп тұрды. Науқастарды қабылдайтын орын мүлдем болған жоқ. Құдды майданда жүргендей әсер аласың.
Австралияда коронавирус жұқтырғандардың саны өсіп жатыр. Виктория штатында соңғы бір тәулікте ковид 1838 адамнан анықталып, одан 5 адам қайтыс болған. Ал, Мельбурнда ауруханаларға салмақ түсіп, фельдшерлерге көмекке елдің қорғаныс күштері тартылды. "Дельта" нұсқасының өршуінен тұрғындар бірнеше ай бойы локдаун режимінде өмір сүріп жатыр.
Бретт Саттон, Виктория штатының денсаулық сақтау директоры:Коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркеліп жатыр. Бұл орайда ауруханаларға ауыр салмақ түсті. Екпе алу бәріміз үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Солтүстік Кореяға коронавирусқа қарсы вакциналарды жеткізе бастады. Пхеньян осылайша жабық есік саясатын жұмсартып отыр. Ал, былтыр қаңтарда әлемде коронавирус өршіп жатқан кезде ел өз шекарасын жауып, сырттан вакцина алудан бас тартқан еді. Солтүстік Кореяның мәліметінше, пандемия басталғалы бері елде бірде-бір ковид жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. Дегенмен, бұл мәліметтің дұрыс-бұрысын тексеру мүмкін емес.
Арай Төлегенқызы