АҚШ-та «Омикрон» штамынан бірінші рет өлім тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та «Омикрон» штамынан бірінші рет өлім тіркелді

21.12.2021

Коронавирустың «Омикрон» штамынан АҚШ-та бірінші рет адам қайтыс болды. Және де ковидтің осы түрін жұқтырғандар Үндістанда да көбейіп келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Омикрон» вакцина алғандардан да табылып жатқандықтан, кейбір мерекелік шараларды доғара тұруға шақырды. Тақырыпты Арай Төлегенқызы толықтырады.

ДДСҰ: «Омикрон» әлемге тез тарап, вакцина алғандарға да жұғып жатыр

Коронавирустың «омикрон» штаммы әлемге тез тарап, вакцина алғандарға да, ковидтен айыққандарға да жұғып жатыр. Мұны Женевада өткен баспасөз маслихатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді. Оның сөзінше, «омикронның» «дельтадан» жылдам тарап жатқанына айқын дәлел бар.
Сонымен қатар, конференцияда жаңа түр өзге коронавирус штамдарынан жеңіл деуге ерте екені ескертілді. Брифинг барысында Ресейдің Спутник V вакцинасын мақұлдау мәселесі де көтерілді. Мәскеу бұл екпе жайлы соңғы ақпаратты желтоқсанның соңына дейін тапсырып, вакцина шығаратын өндіріс орнына халықаралық инспекторларды ақпан айында кіргізбек.

Рожерио Гаспар, ДДСҰ реттеу жөніндегі департаментінің директоры:
Спутник Ви-ге қатысты айтар болсақ, бұл препаратты мақұлдау үшін құжаттарды қабылдау басталды. Екпе жайлы деректерді тапсыру екі бөлімнен тұрады. Құжаттардың бір бөлігі желтоқсанның 30-да, қалғаны қаңтардың соңына дейін қабылданады.
Құрама штаттарда «Омикроннан» бірінші рет өлім тіркелді
Ал, АҚШ-тың Техас штатында "омикроннан" алғаш рет өлім тіркелді. Және де бұл түр үстем штамға айналып, жаңа жұқтыру оқиғаларының 73 пайызын құрап отыр.
Бүгін Құрама Штаттар президенті Джо Байден "омикронның" таралуына байланысты халыққа үндеу жолдамақ.

Джен псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
Президент осы кезге дейін вакцина алмағандарға қатаң ескерту жасап, екпе алмағандар  «Омикроннан» таралуына басты себепкер болатынын анық айтады. Осы арқылы адамдарды қорқыту көзделіп отырған жоқ. Иммундалмаудың неге әкеліп соғатынын тұрғындарға түсіндіру маңызды болып тұр.
200 адамнан «Омикрон» анықталды

Үндістанның 12 штатында коронавирустың "омикронды" жұқтырудың 200 фактісі тіркелді. Індет, әсіресе, ел астанасы Нью-Дели мен Махараштра штатында көптеп анықталып отыр. Үндістанда жаңа штамм соңғы екі аптада өрши түскен. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, "омикрон" жұқтыру оқиғалараның 80 пайызы қандай да бір симптомсыз өткен. Эпидахуалдың ушығуына орай Үндістанда вакцина салу науқаны жылдамдай түсті. 

Хабарламаларға жазылу