Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асыру аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды.
Әкімдік активімен кездесуде министр мемлекет пен қоғамның дамуы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қоғаммен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, жастармен тиімді өзара іс-қимылына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Сонымен қатар, А.Балаева Министрлік пен облыс әкімдігінің бірлескен жұмысының негізгі бағыттарына баса назар аударып, өңірдің қоғамдық-саяси жағдайы саласындағы өзекті мәселелерді атап өтіп, жұмысты одан әрі жалғастыру бойынша ұсыныстар берді.
Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі министрдің Облыс Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесулері болды. Аталған кездесулер барысында ағымдағы жылдың қаңтар айында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға енгізілген заңнамалық түзетулерді іске асыру, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жол картасын іске асыру сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында А.Балаева облыстың белсенді жастарымен кездесіп, Махамбет университетінің, Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, «Атамекен» өнер ордасының» салтанатты ашылуына қатысты.