Биылғы қуаңшылық пен жем-шөптің қымбаттығы түркістандық шаруалардың тірлігін шатқаяқтатып жіберді. Қорасындағы малын кемітпей баға берейін десе, азығы жоқ, сатайын десе, тым арзан. Өңірдегі ірі мал базарларының біріне әріптесім Ғани Қалмаханов барып, бағаны бағамдап қайтты
Күн суытқалы базарда мал көбейді. Қар түскенше енді осы қарбалас. Бірақ таң атпай келген шаруаның дені малының қасын шиырлап әлі тұр. Бағасын сұрап, саудаласқанымен алып жатқандар шамалы.
Буният Анарқұлов, шаруа:
Күннің салқын түсуіне байланысты ма, көмірге керек біреуге тартуы төмен. Сауда болып жатыр, бірақ мақтайтын емес.
Саудасы келіспей тұрған әсіресе қара мал. Жаз бойы аузы жарып көкке тимеген ірі қараның күйі төмен. Қыстан аман шығарына күмәнданған шаруа алушының сұраған бағасына беруге мәжбүр.
Әміржан Ешанқұлов, шаруа:
Арық мал өтуін өтеді. Бірақ бағасы өте төмен. Өткен жылы арық малды 200-ден берсек, қазір 120-130-дан беріп кететіндер бар. Себебі ақша керек болған адам сатады.
Қарабұлақ-өңірдегі ең ірі мал базары. Төңіректегі 5-6 ауданы мен іргедегі Шымкент қаласының төрт түлігі осында саудаланады. Бір айдай болды әр базар сайын мың жарымдай сиыр мен жылқы, 300-дей қой сатылымға түседі.
Молдағалым Әбдіқұлов, мал базарының қызметкері:
Былтыр мысалы, 70-80 пайыз өтетін болса, биыл соның 50 пайызы ғана өтіп жатыр. Өтпеген соң малын алып қайтады. Оның бәрі шығын ғой енді.
Шалғайдағы Созақ, Бәйдібек пен Сарыағаштан Қарабұлаққа сиыр мен жылқыны көлікпен әкелу үшін әрқайсысына кемі 5 мың теңге ақша кетеді. Базардың кіреберіс қақпасына 800 теңге. Әкелген малды сата алмасаң осы шығын тағы жамалады.
Ержан Тоғысбеков, шаруа:
Еттің бағасының бәрін көтеріп жатқан кебек. Ресейде, Өзбекстанда 50 теңге. Алд бізде 100 теңгеден. Ол келіп, сатылуымен 120-ға кетіп қап жатыр.ү Бір жылқыға 100-120 мың кетеді жем шөбіне. Оны қаншаға сатасың. Бұрын 40-50 мың кетеді. Енді екі есе көп.
Қыс жақындаған сайын өңірде жем-шөптің бағасы шарықтап барады. Былтыр 400-500 теңгеден сатылған шөп үш есеге қымбаттады. Ал кебек 40 теңгеден 120-ға бірақ жетті. Қымбатшылық пен қуаңшылықтың қыспағында қалған шаруа енді не істерін білмей дал.
Ғани Қалмаханов