Маңғыстауда жемнің бағасы екі есе арзандады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда жемнің бағасы екі есе арзандады

04.02.2022

Маңғыстауда жемнің бағасы екі есе арзандады. Бұған дейін келісі 100 теңге болған мал азығы енді шаруаларға жеңілдікпен 50 теңгеден саудалануда. Арзан мал азығы әуелі Түпқараған ауданындағы малшыларға жеткізілді. Өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы толықтырады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақшұқыр ауылында жем сататын 4 орын бар. Мынау соның бірі. Мұнда бүгіннен бастап жеңілдетілген бағамен яғни келісі 50 теңгеден 1қабы 1000 теңгенің жемі сатылып жатыр. Түске дейін 700 қап сатылған. Кешке дейін тағы соншасын сату жоспарда.
Жалғасбек Сарман арзан жемнен өзіне тиісті 120 қапты алып жатыр. Өйткені, оның 100 түйесі мен 20 жылқысы бар. Бұл азық жануарларға шамамен 2 айға жетеді.
Жалғасбек Сарман,   шаруа қожалығының иесі:
Енді бұрынғы бағасы кебектің бағасы 100 теңге еді. Осындай қылып беріп жатқанына қуанып тұрмыз. Осылай енді қайталана берсе екен. Баға тұрақтап қалса екен деген тілегіміз бар.
Қуаңшылық басталғанда аудандағы кейбір шаруалар төрт түлікті аман алып қалу үшін Ақтөбе облысындағы жайылымдарға апарып тастады. Мәлік Ізтұр да малын дер кезінде көшіріп, аман алып қалды. Маңғыстауда тек түйелері қалған. Төзімді жануар - түйенің өзі қазір әлсіреп, шөгіп жатыр дейді.
Мәлік Ізтұр,    шаруа қожалығының иесі:
Қазір мал тек өзінің қорегін емес, ішіндегі ботаның, құлынының соның да қорегін толық тауып беруі керек. Сондықтан ең қиын малдың үзілетін уақыты келе жатыр. 
Жергілікті атқа мінерлер арзандатылған жемнің әлі де келетінін айтады. Бірақ, алдымен шаруалардың барлығын қамту көзделген. Ақшұқыр ауылының өзінде 300- дің үстінде жеке шаруашылық пен 27 шаруа қожалығы бар.
Еркебұлан Жәнібек, Ақшұқыр ауылының әкімі:
Бізде шаруалардың тізімі бар. Олардағы ИСЖ-да тіркеліп тұрған малдардың тізімі бар. Соған сәйкес әрқайсысына былай айтқанда бір бірден айналып шығамыз. Барлығы алғаннан кейін екінші круг тағы да бастаймыз. Нағыз осы жем беретін уақыт. Енді мүмкіндікті пайдаланып, барынша өздеріне қор жасап алу керек. 
Облыста қазір жем-шөп тапшылығы жоқ. Операторлар мал азығын тұрақты жеткізуде. Нарықта жемнің 1 қабы 2000-2400 теңгеге дейін барады. Ал, осы жолы арзан бағамен өңірге барлығы 220 тонна азық жеткізілді. 


Хабарламаларға жазылу