Халықтың үні – Қазақ радиосына 100 жыл. Мерейлі датаға орай биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді Радио қызметкерлері күні деп бекіткен. Қос мерекеге орай бүгін үлкен салтанатты жиын өтті. Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойы елорда төрінде кеңінен аталып өтті.
Ақпараттың бастауы Қазақ радиосы 1921 жылы 1 қазанда сол кездегі астанамыз Орынборда алғаш хабар таратты. Оған мұрындық болған Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов болатын. Ұрпақтар сабақтастығында әуе толқыны әр шаңыраққа тарады. Шығармашылық ұжым шыңдалды. Бүгін міне ғасырлық тойы дүркіріп өтті. Салтанатты шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттары оқылды.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:Қазақ радиосының жылнамасы - халқымыздың 100 жылда жүріп өткен жолының айнасы. Радио алғаш құрылған күннен бастап ел мүддесіне қызмет етіп келеді. Қазір де Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен ұлттық құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге сүбелі үлес қосуда.
Салтанатты кеш «Бастау кезеңі», «Даму дәуірі», «Жаңа белес» деген бөлімдерді қамтыды. Әрқайсысында Қазақ радиосының тарих беттері парақталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева таралым аумағын кеңейту жұмыстары ширап келе жатқандығын айтты. 3 жылға жол картасы қабылданып, 107 радиожиілік спектрі бөлінгенін айтты.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:2025 жылға дейін еліміздің 95 процент территориясында радиомыздың үні жететін болады. Жол картасының бірінші кезеңін бастап, бүгін радио күні мерекесінде 40 ауылға Қазақ радиосын қосып отырмыз.
Бұл жетістік тек еселенетін болады. Себебі, алдағы уақытта шекара маңында орналасқан 400-ден астам ауыл радиодан хабар тыңдап, ақпарат алады. Осылайша қазақтың рухани байлығы, замана тынысына айналған Қазақ радиосы халықпен бірге жасайды. Қара шаңырақта небір ұлы тұлғалар қызмет етті. Олар өшпес із қалдырып, бүгінгі ұрпаққа мол мұраны мирас етті. Солардың бірі - Қазақ радиосында 55 жыл еңбек еткен әйгілі диктор Сауық Жақанова.
Сауық Жақанова, Қазақ радиосының ардагері:Дүниежүзіне қазақтың тілін, ділін, мәдениетін, өнерін, әдебиетін, салт-дәстүрін танытқан Қазақ радиосы. Қазақ радиосының тойы сондықтан бәріміздің тойымыз.
Ұлтымыздың үн жариясына айналған Қазақ радиосының бүгін ауқымы кеңейді. Арна қатары «Шалқар», «Астана», «Классик» радиоларымен толықты. Тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралына айналды. Осылайша ғасырды бағындырған қазақ радиосы жаңа ғасырға қадам басты.
Дарын Сағитов, Раушан Сайлауқызы