Қазақ радиосына – 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ радиосына – 100 жыл

01.10.2021

Бүгін ұлттың үнжжариясына айналған Қазақ радиосына 100 жыл толды. Осы мерейлі күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді Радио қызметкерлерінің күні деп бекіткен еді. Қос мерекеге орай бүгін радио шаңырағында үлкен той. Дәл қазір осы жерден бізбен тікелей байланысқа Раушан Сайлауқызы шығады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бүгін күллі бұқаралық ақпарат саласының өкілдері үшін ерекше мереке. Өйткені жаңалықтың жаршысы, ақпараттың бастауы болған қазақ радиосы 1921 жылы дәл осы күні алғаш рет әуе толқынында хабар таратты. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың бастамасымен Қазақстаннның сол кездегі астанасы Орынборда алғаш тұсауы кесілді. Содан бері ұлтымыздың үн жариясына айналған радиоарнаның бүгінде ауқымы кеңейді, арна қатары Шалқар, Астана, Классик радиосымен толықты. Осыған орай бүгін елордадағы «Қазмедиа орталығында» үлкен салтанатты шара өтіп жатыр. Бүгінгі мерейлі мерекелік кеште Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау тілегі жолданды. Және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Президент радио қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Мерейлі мереке қарсаңында өткен тарихқа шолу жасалды. Құттықтаулар мен ақжарма тілектер ағылды. Концерттік қойылым ұсынылды. Әр жылдары қызмет еткен ардагерлер бас қосып, арқа-жарқа болды.

Бір ғасыр бойы қазақтың тарихын, тіршілігін, дәстүрін, өнерін насихаттап келе жатқан қазақ радиосы еліміздегі аудиторияның 90 пайызына тарайды. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева шығармашылық ұжымды мерекемен құттықтай келе, тағы 40 ауылға қазақ радиосы қосылғанын жеткізді.


Хабарламаларға жазылу