28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні

27.06.2021

Биыл Қазақ радиосына 100 жыл. Жүз жылдықтың аясында Президент Қ.Тоқаев 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекітті.

Бұл қайдан алынды?- дегенге келсек, Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29-шы қыркүйегінде республикалық радиохабарларын тарату жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынбор қаласынан 1 қазаннан бастап республикаға трансляция беріле бастады.

Қазақ радиосы ең алдымен дәуір үні. Даламыздың үні. Ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің үні. Халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» жинақталған. Ұлт қайраткерлерінің әр жылдары жазылған өр дауыстары сол қалпында сақталып, әлі күнге дейін радио тыңдайтын қауымның құлағының құрышын қандырып отыр. «Алтын қорда» 1948 жылдан бері жинақталған 100 000-нан астам фонограмма бар.

Биыл Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығын алғандардың арасында «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы бар. «Қазақ радиолары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шығармашылық ұжымы болса Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысына ие болды. Сонымен бірге Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын алғандар қатарында «Qazaqstan»  ұлттық арнасыдағы «Ашық алаң» ток-шоуының жүргізушісі Мақсат Толықбай бар.


Хабарламаларға жазылу