Павлодарлық ұн өндірушілер астық экспортына баж салығын енгізуді сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық ұн өндірушілер астық экспортына баж салығын енгізуді сұрайды

30.09.2021

Павлодарлық ұн өндірушілер астық экспортына баж салығын енгізуді сұрайды. Себебі, бидай шет елге кетіп жатыр. Соның салдарынан отандық ұн өнімдерін өндірушілер шикізатсыз қалатын түрі бар. Ал, дихандар бұған үзілді-кесілді қарсы. Тараптарды меншікті тілшіміз тыңдады.

Жанар Серімова 7 жылдан бері бидай тартып, ұн шығарады. Биыл астық бағасы шарықтап кетті. Бір тоннасы 122 мың теңгеге дейін жетті-дейді ол. Көбіне Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Түркіменстаннан келген трейдерлер алып жатыр. Ал, жергілікті диірмендер шикізатсыз қалуы мүмкін.

Жанар Серімова, диірмен иесі:
Бүкіл Азия біздің астығымызды әкетіп жатыр. Сосын бізде астық азайып, ұн бағасы көтеріледі. Астық өте қымбат болған соң жемнің бағасы да көтеріледі. Соның салдарынан ет пен жұмыртқа бағасы қымбаттайды. 

Павлодарда ұн өндіретін ондаған диірмен бар. Олар өздері егін салмайды. Астықты жергілікті дихандардан сатып алады.

Талғат Уайханов, астық өсіруші компаниялар тобының бас директоры:
Егерде бидайға баж салығы салынса, онда ұнға да баж салығын салу керек. Жесін ел. Халқымыз арзан нанды. Ұнның бағасы қымбат. Бізден 93 теңгеден алады да бидайды, кебекті 90 теңгеден сатады. Бұлар шылқып байып отырған кәсіпорындар. Осы Павлодар облысында тоқтап қалды деген бір наубайхананы көрген жоқпын.

Аймақта бидай биыл бітік шықты. Қамырлығы жоғары болғандықтан бағасы да жақсы. Бірақ орып алуға жаңбыр бөгет. Кептіріп сатуға қажетті газ тапшы. Өзіндік құны онсызда қымбат бидайды диірмендер арзан бағамен алғылары келеді. Қолма-қол ақша береміз-деп қызықтырады. Біз бар бидайды мемлекеттік азық-түлік корпорациясына тапсырар едік. Олар тиімді бағамен алады, бірақ бірден есеп айырыспайды- дейді шаруалар.

Балғабай Бакишев, «Замандас» шаруа қожалығының жетекшісі:
Ертең күнбағыс, одан кейін майлы дақылдарды өндеушілер шаруаларға баж салығын төлету керек деп шығады. Сонда жер өңдеп, дән сеуіп, одан өнім алып жатқан біздер тізерлеп отыратын боламыз. Ондай болса егін салудың қажеті қанша? Мемлекет басшысы аграрлық саланың экспорттық әлеуетін көтеріңдер деп жатыр. Ал, мыналар мемлекеттік органдарды бізге қарсы пайдаланбақ. Бұл астықты бізге тапсырсын деген монополистік ұстаным.

Диірмен иелері баж салығын көтеру керек деп «Атамекен» кәсіпкерлерлікті дамыту палатасы мен облыс әкіміне хат жолдады.

Мейрам Өтешов,   облыс әкімінің орынбасары:
Әрине, біз бұл сұрақты орталық мемлекеттік органдарға жеткізетін боламыз. Себебі, өз деңгейімізде шешім қабылдауға өкілетті емеспіз. Сондықтан мен мәселенің қаншалықты маңызды екендігін білуім керек.

Бір қызығы егін бітік шыққан жылдары бидай бағасы түсіп қалатын. Бірақ ұн бағасы еш арзандаған емес. Ал, биыл астық мол, нарықтағы құны да жақсы-деп шаттанған еді шаруалар. Бірақ қуаныш ұзаққа барған жоқ. Дихандар тағы дүдәмәл....

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу