Жамбыл облысында жарылыс кезінде қираған 75 нысан қалпына келтірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жарылыс кезінде қираған 75 нысан қалпына келтірілді

28.09.2021

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан кейін 1 ай уақыт өтті. Апат кезінде қираған 75 нысан қысқа мерзімде қалпына келтірілді. 100-ден астамы әлі жөнделіп жатыр. Апат аймағына жақын орналасқан ауылдардағы бүгінгі ахуалды аймақтағы әріптесім Данияр Асқарұлы баяндайды.

Жарылыс болған әскери базаға ең жақын орналасқан Қайнар ауылының тұрғындары бір айдан бері осындай әскери шатырлар да күн кешіп жатыр. Жауаптылардың айтуынша алдағы бір аптаның айналасында бірнеше үйдің құрылысы толық аяқталады. Тұрғындар қоныстанады деп күтілуде.

Қайнар ауылында 6 үйдің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Қымбаткүл Әлібаева апат болған әскери бөлімде 20 жыл жұмыс істеген. Қазір зейнет жасында. Ұлы да сол әскери бөлімде өрт сөндіруші болып қызмет етіп, жарлыс болған күні ерлікпен қаза тапты. Тұрып жатқан үйлері жарамсыз болғандықтан сүріліп тасталған. Қазір жаңа үй салынды.

Қымбаткүл Әлібаева, Қайнар ауылының тұрғыны: 
Міне енді үй салып, жан-жағын жөндеп жатыр. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Менің баламда осы жарылыста кетті. Мейшембаев Марат. Сонда да артында қалғандары аман болсын. Үш баласы бар ғой.

Апат аймағына жақын орналасқан елдімекендерде жеңіл зақымданған 3 әлеуметтік нысан мен 124 жеке тұрғын үй демеушілер есебінен жөнделуде. Оның 75-сі толық қалпына келтірілді. Тек Қайнар ауылында жарамсыз деп танылған екі үйдің құрылысы кеш басталды.

Қайрат Исмаил, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары: 
Жұмыс жүріп жатыр. Алдағы 20 күнде барлығы толық аяқтаймыз деген уәде бар.

Қазір бұл аумаққа 12 мердігер компанияның 187 жұмысшысы мен 22 техникасы жұмылдырылған. Ал, жарылыс кезінде ізім-ғайым жоғалған әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады. 300-ге жуық адам іздеп жатқанымен әзірге нәтиже жоқ.

Данияр Асқарұлы



Хабарламаларға жазылу