Astana Media Week: Жаңа телехикаялар идеясының талқылауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Media Week: Жаңа телехикаялар идеясының талқылауы өтті

27.09.2021

Еліміздегі сериал түсіретін продакшн компаниялар «Қазақстан» телерадиокорпорациясына өз жобаларын ұсынуда. Телеиндустрия саласының мамандары көркемдік кеңес мүшелерімен жаңа телехикаялар идеясын ашық түрде талқылап, пікір алмасты. Astana Media Week аясында өткен кездесуде келесі жылы қандай жанрлық бағытта сериал түсіргісі келетіндерін айтты. Жобаларының қысқаша мазмұнын баяндап, бейне таныстырылымын өткізді. Биыл телерадиокорпорация 16 отандық телехикая түсірді. Оның ішінде 34 бөлімнен тұратын 6 тарихи сериал бар.

Жыл соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлы, Жәңгір хан, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев және Мұқағали Мақатаев жайындағы телехикаялар эфирге шығады. Жаңа телехикаялар өндірісіндегі ең басты мақсат - көрермен сұранысына сай өнім өндіру. Сериалдар жобасына жарияланған байқау ашық түрде өткізілуде. Оған осы салада тәжірбиесі мен техникалық мүмкіндігі бар кез-келген компания қатыса алады.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан»РТРК»АҚ басқарма төрайымы:
Бұл жердегі біздің басты мақсатымыз, мемлекеттің ақшасына түсіріліп жатқан телевизиялық өнім болғандықтан, ол міндетті түрде біздің халықтың, қоғамның сұрансына да жауап беруі тиіс. Яғни, қазір қоғамда қандай қажеттіліктер бар, кімді көргісі келеді, қандай тұлғалардың сериалдар арқылы ашылғанын көргісі келеді, сол сұраныстарға да жауап беруге тырысамыз.
 Қазақстанда сериал өндіру бағытындағы жұмыс жылдан жылға жақсарып келеді. Көркемдік кеңес мүшелері, сапаның артқанын атап өтті. Телеиндустрия саласындағы тәжірбиелі мамандардың қатарына шетелдік кино академияларда білім алған жастар қосылуда.

Хабарламаларға жазылу