Көкшетауда көпқабатты үйлерде жылу жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда көпқабатты үйлерде жылу жоқ

27.09.2021

Көкшетауда жылыту маусымы басталса да бірнеше көпқабатты үйлерде жылу жоқ. Ал, 20 шақты көпқабатты үйде жылу мардымсыз. Ал жауапты мекеме болса қалаға жылу толық берілді, кінә бізден емес деп ақталады. Өңірдегі тілшіміз Ермек Елберген мән-жайды анықтады.

Күн суытқалы салқын үйде Ақнұр Кәрімованың мазасы қашқан. Үйде қалың киіммен жүр. Үш күн бұрын жылу берілгенімен, баспананың іші бір жыламай ақ қойды дейді ол. Сондықтан тоқ пеш қосуға мәжбүр.

Тоңып отырған жалғыз Ақнұр апай емес. Жекелеген көпқабатты үйлерде және Васильковский мен Сарыарқа шағын аудандарында жылу жөнді берілмеген. Қазір, бас аяғы 20 шақты көпқабатты үйде жылу мардымсыз. 6 үйде мүлдем жоқ.
Асқар Қажыкенов, қала тұрғыны:
Қазір суық. Балалар енді тоңады, үй суық. Жылы киініп отырмыз. 
Жауаптылардың айтуынша жылу қалаға толық берілген, тек қалыпты жұмыс істеп кеткенше уақыт керек. Ал, кейбір тұрғын үйлердегі проблемаға жылыту маусымына дұрыс дайындалмаған пәтер иелері кооперативтерінің өздері кінәлі дейді мамандар.

Данияр Әкібаев, Көкшетау жылу мекемесінің бас инженері:
Қала тұрғындарын шамалы шыдай тұруға шақырамыз. Себебі жылу беру деген бір батырмамен қосылатын жүйе емес. Қазандық қосылғаннан кейін жылуды реттеу керек. 2-3 күнде реттеледі. Магистральды желілерде жылу бар. Жекелеген нысандар ғана қалды. Бүгін жылу орталығындағы екінші қазандықты іске қостық.
Қыс басталмай жатып бүрсең қаққан тұрғындар мәселенің тез арада шешілгенін қалайды. Оның үстіне бүгін өңірде қар ұшқындады. Дегенмен, мамандар алты ай қыс бойы қаланы жылумен үздіксіз қамтамасыз етеміз деп сендіріп отыр.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу