Қостанай облысында 200 гектар жердің орманы өртеніп кетті. Қазір өңірдегі тілшіміз Дәуренбек Әбдібек байланыста. Дәуренбек, өрт неден тұтанды? Зардап шеккендер бар ма?
Дәуренбек Әбдібек тілші
Бірден айтайық өрттен зардап шеккендер жоқ. Оның неден тұтанғаны да әзір белгісіз. Облыс орталығынан 15 шақырым, Қазақстан ауылынан 5 шақырым қашықта тас жолдың бойы жанып жатқаны туралы хабар кеше кешкісін түскен. Өрт сөндірушілер жеткенше қатты соққан желмен өршіген жалын жолға жақын өскен ағаштарды шарпыды. Одан әрі Қазақстан ауылына дейін жету қаупі туды. Дегенмен жедел жеткен өрт сөндірушілер мен орманшылар жалынның екпінін дер кезінде бәсеңдетіп үлгерді. Тілсіз жаумен күрес түні бойы жүрді. Отты өшіруге отызға жуық техника мен жүзге тарта адам жұмылдырылды. Қазір өрт толық сөнген. Бұған бүгін таңертең өңірде қар аралас жаңбыр жауғаны да септігін тигізді. Мендегі ақпарат осы.