Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөз сөйледі

23.09.2021

Коронавирусты жеңу үшін вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру керек. Нью-Йоркте өтіп жатқан Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясында Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күш біріктіруге шақырды. Осымен 76- рет ұйымдастырылып отырған сессиясыға президент бармаса да, Ақордадан арнайы видеоүндеу жолдаған. Онда пандемиядан бөлек, ауған халқына көмек көрсету және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды.

Бұл күндері Нью-Йорк әлем назарында. Өйткені 100-ден астам мемлекет пен үкімет басшылары осындағы Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының штап пәтіріне жиналып, жаһандық мәселелерді талқылап жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысушыларға бейнеүндеу жолдап, әлем назарын үш нәрсеге аударды. Алғашқысы індетке қарсы күш біріктіру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейшілікте өмір сүріп отыр. Даму саласындағы ілгерілеуге жұмсалған талай жылдар құрдымға кетуі мүмкін. Пандемия көптеген салаларда осал тұстарымызды айғақтап, мультилатерализм мен халықаралық ынтымақтастықтың аса маңызды екенін көрсетті. Біз барынша әділ, орнықты әрі гуманистік әлем қалыптастыруға міндеттіміз. Вакцинаға қолжетімділіктің жалпыға ортақ әрі әділ қағидасын қамтамасыз етуден бастау қажет. Бұл мәселені шешуде жаһандық этика мен ниеттестікті басшылыққа алған жөн.
Мемлекет басшысы Ауғанстанға жәрдем беру жайын да айтты. Бұл ретте Қазақстан ұйымның тәліптермен келіссөз жүргізу арқылы бейбітшілік орнату идеясын толық қолдайды. Ауған еліне гуманитарлық көмек жеткізу үшін Алматыда арнайы хаб құру бастамасы соның айқын дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
 Қазақстан Ауғанстанның болашақта өз ішінде бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды. Ауғанстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, ел аумағын террористтер, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындардың ошағына айналдырмауы тиіс. Өзіміздің саяси немесе жеке пікірлерімізге қарамастан, Ауған халқының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Ауғанстандағы ауыр гуманитарлық жағдайға баса мән беруіміз қажет.
Сондай-ақ Президент қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға және әлемді ядролық қарудан азат етуге үндеді. Өкініштісі кейбір елдер жойқын қаруды қолшоқпар ретінде әлі де пайдаланып отыр. Әрі президент қалталы инвесторларды қазақ жеріне ақша құйып, мол табыс табуға да шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан – ірі бидай өндіруші және экспорттаушы ел. Сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Оның төртінші Бас Ассамблеясы өткен айда елордамызда өтті. Біз орнықты ауыл шаруашылығының жарқын болашағы үшін шетелдік инвесторларды өзімізге шақырамыз.
Мемлекет басшысы ертең БҰҰ Бас Хатшысы Антоиу Гуттериштің ұйымдастыруымен азық-түлік жүйесіне арналған саммитте де видеоүндеу жасайды деп күтілуде. Ал жоғары деңгейдегі жиын қыркүйектің 28-не дейін жалғасады.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу