«Талибан»: Біздің елде «ДАИШ», «Әл-Каида» лаңкестік топтары жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибан»: Біздің елде «ДАИШ», «Әл-Каида» лаңкестік топтары жоқ

22.09.2021

Ауғанстанда «Даиш», «әл-Каида» тәрізді террористтік топтар жоқ. Мұны Кабулда өткен баспасөз маслихатында «Талибан» қозғалысының баспасөз хатшысы Забихулла Мүджахид мәлімдеді. Айта кетсек, жуырда Кабул мен Жалалабадта 200-ге жуық адамды мерт қылған жойқын жарылыстарды «Даиш» мойнына алған. Тәліптер Батысқа арқа сүйеген үкіметті өткен айдың ортасында құлатып, билікке келді. Содан бері халықаралық қауымдастық олардан «әл-Каида» сияқты лаңкестік ұйымдармен байланысты үзуді талап етіп отыр. Қыркүйектің 18-де Ауғанстанда бастауыш сыныптарға оқушы қыздар орала бастады. Ал, олардың орта және жоғары сыныптарда оқуына әзірге рұқсат берілген жоқ. Сонымен қатар, әйелдердің жұмыс істеу мәселесі де шешімін таппай отыр. Дегенмен, «Талибан» үкіметі қазір бұл проблемаларды да шешуге күш салып жатыр.

Забихулла Мүджахид, «Талибан» қозғалысының өкілі:
Біз министрлер кабинетін одан әрі нығайтуға тырысып жатырмыз, Құдай қаласа, әйелдер қажетті бөлімдерде белгілі бір лауазымдарға тағайындалады. Олардың есімдерін осы жерде жариялаймыз. Ал, мектептерге келсек, Білім министрлігі орта және жоғары сыныптардың қыз балаларының білім алуына негіз қалау үшін бар күш -жігерін жұмсап жатыр. Алла қаласа, бұл үмітіміз де орындалып қалар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу