Испанияның Канар аралдарында вулкан лавасынан 166 үй жойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испанияның Канар аралдарында вулкан лавасынан 166 үй жойылды

21.09.2021

Испанияның Канар аралдарында 50 жылда бірінші рет атқылап жатқан вулканның лавасы 166 үйді жойған. Мұны Коперник атындағы Еуропа төтенше жағдайларды басқару қызметі хабарлады.

Үйлерге үлкен қауіп төнгендіктен, Пальма аралында тұратын 80 мың адамның 6 мыңы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Жанартау жексенбі күні оянбас бұрын Канар архипеплагының ең теріскей-батысындағы аралда жер 22 мың мәрте сілкінген. Содан кейін вулканның лавасы жүздеген метр биіктікке көтеріліп, жақын маңдағы ормандарды от шарпып, мұхитқа қарай балқыған тас төгіле бастады. Дегенмен, оның жолындағы үйлер өртеніп, қирағанда, ешкім қаза тапқан жоқ.

Зерттеушілердің сөзінше, лава теңізге құйылғанда жарылыстар болып, ауаға улы газ тарауы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу