Түркістанда 3,5 тонна бензин құйған цистерна отқа оранды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда 3,5 тонна бензин құйған цистерна отқа оранды

20.09.2021

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында орман өртеніп жатыр. Үш күннен бері күштік құрылымдар жұмыс істеуде. Ал, Түркістанда 3,5 тонна бензин құйылған цистерна жанып, өрт сөндірушілер жарылыстың алдын алды.

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында орман өртеніп жатыр. Ұлттық табиғи парк аумағына найзағай түсіп, арты қызыл жалынға ұласқан. Таулы аймаққа техникамен жету қиын, сондықтан оқиға орнына өрт сөндірушілер жаяулап жеткенше от орман ішіне жайылып үлгерген. Үш күнде 3,5 гектар аумақ жанып кетті. Қазір қызыл жалынның беті қайтқанымен толық сөнген жоқ. Әзірге мамандар түкұшақтың көмегіне жүгінбеді.

Қарқаралы ауданында дала өртінен зардап шеккен азамат ауруханада қайтыс болды. Оның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Марқұм өрт болған күні өзге тұрғындармен бірге тілсіз жауды өшіруге көмекке барған. Алайда желдің салдарынан өршіген жалын ырық бермей, үш адам зардап шекті.

Берік Төлеубаев, С. Мақажанов атындағы облыстық ауруханасы жарақат орталығының басшысы:
Екі науқас Қарқаралы ауданынан осында ауыстырылды. Күйік шалған. Бірінде 18 пайыз, екіншісінде 24 пайыз. Кеше жансақтау бөлімінде болды, бүгін палатаға ауыстырылды.

Бірнеше күн бұрын Қарағанды обылсының Қарқаралы, Ақтоғай және шет аудандарында 6 бірдей дала өрті болып, 3 мың гектар жер жанып кетті.

Ал Түркістанда 3,5 тонна бензин құйылған цистерна отқа оранды. Бірақ, өрт сөндірушілер жарылыстың алдын алып үлгерді. Сайрам ауданы Ақсукент ауылының маңындағы мұнай базасында цистерналарды толтырып жатқанда от шыққан. Салдарынан базада жұмыс істейтін 2000 жылғы азаматты күйік шалды. Қазір жағдайы қалыпты.


Хабарламаларға жазылу