Осы аптада аһ ұрған оқиғалар, дәлірегі жол апаттары болды. Таразда жеңіл көлік жүргізушісі аялдамада тұрған төрт адамды қағып кетті. Екі адам жедел жәрдем көлігі жеткенше қайтыс болған. Ал ауруханаға жеткізілген жолаушылардың бірінің жарақаты жеңіл. Дәрігерлер екінші науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, миы шайқалған, қабырғасы сынған, екі тізесіндегі шеміршіктері үзіліп, жамбасы сынған деген.
Оқиға таңғы 8-дер шамасында болған, ол жерден қашып кеткен көлік жүргізушісі 23 жастағы Тараз қаласының тұрғыны бәрібір ұсталды.
Маңғыстау облысында бір отбасының 5 адамы жол апатынан опат болды. Ал, кәмелет жасына толмаған 4 жеткіншек дене жарақаттарымен ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Оның ең кішісі- 1,5 жаста.
Қайғылы оқиға Ақтау-Жаңаөзен тас жолының 52-ші шақырымында түнгі екілер шамасында болған. Lexus көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, аударылып кеткен. Салдарынан 2 ер адам, 3 әйел адам қайтыс болды. Қаза болғандардың арасында 31 жастағы жүкті әйел бар.
Жалпы 1 қаңтар мен 31 тамыз аралығында елімізде жол апатынан 1258 адам көз жұмған. 10 947 адам жарақат алған.