Бектас Кәрімұлы малдың жауырын сүйегіне сурет салады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бектас Кәрімұлы малдың жауырын сүйегіне сурет салады

19.09.2021

Жауырын сүйегін іздеп жүретін азамат бар. Жауырын балгерлердің қасиетті сүйегі ғой. Сүйекке қарап тылсым сырларды ашуға талпынады. Жоқ, ол үшін емес.

Бектас Кәрімұлы малдың жауырын сүйегіне сурет салады. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан. Қазір Ақмола облысы Шортанды ауданының мәдениет үйінде суретші болып істейді. Саламат Омаштың портреттік сюжеті.

Малдың жауырыны қазақтың ас-тағамдар мәдениетінде ең кәделі сүйектердің бірі. Ел арасында сүйекке қарап бал ашатындардың болғанын да білеміз. Ал Бектас Кәрімұлы жауырынға сурет салуды меңгерген. Аудандық мәдениет үйінде суретші болып жұмыс істейтін ол сүйектен сұлу композиция жасайды.

Бектас Кәрімұлы, суретші:
Осы жауырын сүйегі, басқа мүшелері емес. Жілік сүйек дегендер қалың болады ғой. Тек жауырын сүйегіне жұмыс жасасам қалай болады дедім. Себебі ол алақаны кең, адам өзінің ойын толық сыйғыза алатын сондай бір әдемі сүйек.

Бектас Кәрімұлы еттен ажыраған жауырын сүйегін 4-5 сағат суға қайнатады. Майы кеткесін кептіріп, ойындағы дүниені алдымен қаламмен сызып алады.

Одан кейінгі кезек – түс таңдап, суретті бояу. Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана туынды толыққанды шығады дегенді санаға сіңірген ол, әр детальға мән береді. Себебі сүйектен сұлулық тудыру – қағазға немесе матаға сурет салу емес.

Бектас Кәрімұлы, суретші:
Қағазға сурет салғандай емес ол. Сүйекті жонады. Ол тоқпен істейді. Тоқ-сайман керек. Ересек бала болмаса, қиындау болады үйрену. Сосын сүйектің иіс-қоңысы бар. Оған арнайы орын керек.

2014 жылы ерекше өнерді бастағанда Бектас Кәрімұлы біраз қиналғанын да жасырмайды. Себебі «малы көп бай ертемен жейді қаймақ» -тың күйін кешпегесін әр туындыға сүйек іздейді. Ал жерде жатқан жауырын жоқ. Бірақ суретші оның да жолын тапқан.

Бектас Кәрімұлы, суретші: 
Маған бүтін жауырын, ұсақ малдың, ірі малдың жауырыны болса әкеп беріңіздер деп қоям. Келген қонақтардан. Бірдеп, екілеп әкеп береді олар. Соны жалғастырып істедім. Сосын мында ет комбинаты бар. Соларға жолығып сүйек қажет дедім. Күнде бәленбай мал келеді ғой. Қалың жауырынды әкеп беретін болды.

Бектас Кәрімұлы 2015 жылдан бастап халықаралық көрмелерге қатыса бастайды. Бес елге барып, өнері жоғары бағаланған. Дәстүрді жаңғыртушы деген номинацияда бас жүлделерге де ие болған. Суреттерінің көбісі табиғат, ауылдың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрмен астасып жатады. Туындыларында құсбегілік, домбыра, шаңырақ секілді қазақтың ұлттық символикалары да бейнеленген. Өнер мектебіне түспей тұрып, оқушы кезінде, тіпті есін білгелі қолөнерге жақын болып өскен. Шеберлікке баулып, сурет салуды үйреткен анамыз дейді ол.

Бектас Кәрімұлы, суретші:
Шешеміз көп нәрсені маған, мысалы мені ұл демеді. Қолыма әуелі алақандай шүберек беріп, мына гүлді сен тігіп жіберші деп. Орындықтың бір шегесі шығып тұрса да мынаны қағып жібер дейтін. Шешенің тәрбиесі мені жетеледі.

Бектас Кәрімұлы қазан айында Магаданда 21 елдің қатысуымен өтетін «сүйектен жасалған туындылар» көрмесіне дайындықты бастап кетті. «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» дейтін Қастеевтің сөзі біздің кейіпкерге де дәл келетіндей.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу