Ауғанстанда «Талибан» режимі тұсында жұмыс орындары жетіспей, жастар көрші елдерге кетіп жатыр. Кабул тұрғындарының сөзінше, ауған жастары Пәкістан мен Ираннан кәсіп іздеуге мәжбүр.
40 жыл бойы соғыстан көз ашпаған елде тәліптер билікке келгелі қауіпсіздік нығайтылғанымен, экономика дағдарысқа ұшырап, кедейшілік пен ашаршылық күшейе түсті. Рейтердің мәліметінше, соңғы 20 жылда Ауғанстанның дамуына миллиардтаған доллар жұмсалған. Алайда, халық оның жемісін көріп отырған жоқ. Бұған қоса, АҚШ Ауғанстанға тиесілі 9,5 миллиард долларды тамыздың 15-нен бері бұғаттап отыр.
Ауған орталық банкі жұмысын қайта бастағанымен, елде өзге қаржы институттары жабық. Қолма-қол ақша тапшы болғасын, елде іскерлік белсенділік төмендеп кеткен.
Арай Төлегенқызы