Ақмола облысының Степногорск қаласында саяжай аумағында өрт болды. Қурап тұрған құрғақ шөп отқа оранған. Қызыл жалын лезде үйлерге қарай ойысқан. Әріптесім Ермек Елберген байланысқа шығып, мән-жайды баяндамақ.
Ермек Елберген, тілші:Зардап шеккендер жоқ. Алдымен 20 гектар аумақта қурап тұрған шөп жанған. Кейін қызыл жалын саяжай аумағына ойысқан. От көзді ашып - жұмғанша 3 жарым гектар аумақты шарпып үлгерген. Салдарынан 58 саяжай учаскесі түк қалмай жанып кетті. Арасында 3 үй де бар. Көбі қараусыз тұрған екен. Құрал-сайман сақтайтын кішігірім қора-қопсы да күлге айналды. Кеше кешкі сағат 5 кезінде басталған өрт 9-дарда ауыздықталып, онда толықтай сөндірілді. Тілсіз жаумен күреске 50 шақты адам, 10 техника жұмылдырылды. Қазір өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталуда.
Ермек Елберген