Елордада XVII Еуразия медиа форумы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада XVII Еуразия медиа форумы өтіп жатыр

16.09.2021

Бүгін елордада Еуразия медиа форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шет елдерден жиналған меймандар салтанатты шарадан кейін бірқатар пленарлық сессияларға қатысып,өзара пікір алмасты. Форумнан толығырақ тілшіміз тарқатады.

Қазақстан қашан да медиа мен креативті индустрия саласындағы ынтымақтастыққа ашық. Қасым-Жомарт Тоқаев еуразия медиа форумының қатысушыларына осындай үндеу жолдады. Президент пен Елбасының құттықтау сөздерін мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеткізді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы: 
Форум заманауи үрдістерді талқылауға тамаша мүмкіндік береді. Жаңа шындық медиа саласына жаңа талаптар қойғаны белгілі. Осы мәселелердің кәсіби талқылануы БАҚ дамуына әкеледі деген сенімдемін.

Биылғы форум "әлем жаңа құндылықтарды іздейді" деген айдармен өтіп жатыр. Соңғы екі жылда адамзат үлкен сын-қатерглерге ұшырағаны белгілі. Бұдан шығудың бірден бір жолы диалог құра білу дейді Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева, Еуразия медиа форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы: 
Қандай болмасын сенім- диалогтан басталады. әлем қазіргі кезде жаңа форматтарды іздеуде , диалогтың жаңа түрлерін іздеуде. Біз Еуразия медиа форумының осы процеске өзінің үлесін қосатынына сенімдіміз.

25 елден келген делегаттар 6 сессия жұмысына қатысты. Олардың арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған пленарлық отырыс та бар. Оны сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты. Ол Елбасының 30 жылда атқарған ауқымды жұмыстарына тоқталып, ел ұстанған ашық саясатты сөз етті. Президенттің жолдауы да кеңінен талқыланды.

Георгий Меликян, Армения президентінің көмекшісі: 
Менің ойымша, бұл өте мықты жолдау. Қазақстанның одан да беделді әрі тиімді болуына алып келетін іс-қимылдар жиынтығы.

Дүние жүзін алаңдатқан маңызды мәселелердің бірі коронавирус пандемиясы. Сарапшылар оның кесірі мен зардабын кеңінен талқылады.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: 
Пандемия әрбір жекелеген адамға әсер етті. барлық салада өзгерістер орын алуда. Індетпен күресудің маңызды құралы ақпараттық кеңістік болды. БАҚ сараптамалық пікірлерді таратып, арнайы бағдарламалар жасады. Осылайша өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шықты деп ойлаймын.
Райан Чилкот, Bloomberg Television және CNN тілшісі, АҚШ: 
Пандемия жағдайында біз әртүрлі ақпаратқа тап болдық. жалған ақпарат та аз болған жоқ. Бүгінгі дискуссияға қатысушылардың түйгені біз обьективті ақпаратты таратып, халықты оның дәйекті екеніне иландыра білуіміз керек.

Айта өтейік, 17-ші еуразия форумының жұмысы кеше басталған. Ертең де бірқатар дөңгелек үстел мен шеберлік сағаттары өтеді деп жоспарланып отыр.

Ләйлә Дулатқызы

Хабарламаларға жазылу