Жеті жастағы бүлдіршіннің асқазанынан 150-ден аса магнит алып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті жастағы бүлдіршіннің асқазанынан 150-ден аса магнит алып шықты

16.09.2021

Елордалық дәрігерлер жеті жастағы бүлдіршіннің асқазанынан 150ден аса магнит алып шықты. Қазір баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дейді дәрігерлер. Баланың мұндай көп мөлшерде магнит жұтқанына дәрігер түгілі ата-анасы таң қалып отыр. Себебі, бүлдіршін осы уақытқа дейін еш шағым айтпаған. Тақырыпты Раушан Сайлауқызы тарқатсын.

7 жастағы бүлдіршіннің еш жері ауырмаған. Тек мұрны біткен соң ата-анасы дәрігерге әкеледі. Себебін таппаған соң МРТ-ға түсіреді. Сөйтсе бүлдіршіннің мұрнында алты, ал асқазанында 150-ге тарта магнит бары анықталды.

Қыздың әкесі: 
 Біз магнитка жұтқанын абайсызда білдік. Қазір қызымның жағдайы жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз. 

Магниттің асқазанда қанша уақыт жатқаны белгісіз. Әкесі, үйдегі ойыншықтардың магнитін жұтқан болуы мүмкін деп болжайды. Зиянды зат баланың асқазанында көп жиналғандықтан операция жасауға тура келген.

Ринат Байгереев, №2 көпсалалы балалар ауруханасы хирургия қызметінің жетекшісі:
Көбінесе эндоскопиялық жолмен баланың денесін кеспей, жарақаттамай алған жақсы. Бұл жағдайда операция жасауға тура келді. Қазір бүлдіршіннің жағдайы жақсы. Жақын күндері үйіне шығарамыз.

Мамандар бұл баланы қараусыз қалдырған ата-аналардың салғырттығы дейді. Әсіресе айналасын танып үлгермеген 1-мен 5 жас аралығындағы балғындар ауруханаға жиі түседі екен.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қыз бала жұтып қойған магнит осы. Саны 150-ден асады. Жалпы аурухана тарихында осынша көп заттың шығуы бірінші рет дейді, мамандар. Одан бөлек өріктің тасы, шеге, батарея, кілт тіпті мынадай үлкен көлемдегі магнит те жұтқан екен.

 Дәрігерлер соңғы жылдары мұндай жағдайдың жиілегенін айтады. Бұған әсер еткен факторлардың бірі - сапасыз, зиянды ойыншықтың көбеюі.

Марат Қанапиев, дәрігер-эндоскопист: 
2000 жылдары жылына 50-60 жағдай тіркелсе, қазір жылына 260 жағдай кездеседі. Көбінесе магнит, батарея және тиындарды көп жұтады. Ата-аналарға айтарымыз балаға мұқият қараңыздар, мейлінше қауіпсіз ойыншықты таңдаған жөн.

Мұндай заттар іште ұзақ жатса түрлі созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін. Тіпті тыныс алу мүшелерін бітеп, қайғылы жағдайға соқтыруы да ықтимал. Сондықтан баланы бақылаудан шығармаған жөн дейді-дәрігерлер.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу