Алматы облысында парашютпен секіру кезінде әскери қызметші қаза тапты. Оқыс жағдай оқу-жаттығу барысында болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қайтыс болған офицер капитан шенінде болған. Ол 1990 жылы дүниеге келген. Бұған дейін шамамен 50 мәрте парашютпен секіріп, штаттан тыс парашютті-десант құтқарушылар тобының құрамына кірген. Қазір қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Марқұм жайлы өзге де ақпаратты туыстары жарияламауды өтінген.
Ғани Нүсіпов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің офицері:
Қорғаныс министрлігінің басшылығы және Қарулы күштердің жеке құрамында болған әскери қызметшінің жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету жөнінде қажетті шараларды қабылдайды.