Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті күмбезінің ең алғашқы айшығы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті күмбезінің ең алғашқы айшығы табылды

15.09.2021

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті күмбезінің ең алғашқы айшығы табылды. Қолды болған құнды жәдігерді көп іздеген жергілікті өлкетанушы, оны Қытайға металлға өткізіп жіберген жерінен тауып алған. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы көненің көзіне қатысты тарихи деректерді баяндасын.

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті күмбезінің ең алғашқы айшығы табылды. Қолды болған құнды жәдігерді көп іздеген жергілікті өлкетанушы, оны Қытайға металлға өткізіп жіберген жерінен тауып алған. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы көненің көзіне қатысты тарихи деректерді баяндасын.

Мына айшық Құнанбай қажы мешітінің күмбеізнде өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін тұрған. Кейін кеңес үкіметінің дінге қарсы саясаты жүріп, қызыл әскер жендеттері оны атып түсірген. Сол оқиғаның куәгері Сәдуақас есімді діндар ақсақал айшықты үйіне апарып, өмірінің соңына дейін көзінің қарашығындай сақтапты. Мұны белгілі ғалым Ағжан Машани білген әрі ол үйде бірнеше мәрте қонақ болған. Кейін мешіт ашыларда күмбезге айшықты қайта орнатуды ұсынған.

Ерлан Мұстафин, Өлкетанушы:
Біледі екен осы айшықтың тарихын, сол үйде екенін де. Ақжан Машани айтады, бір туысына звондап, менде келемін мешіттің ашылуына, сол үйден барып алыңдар айшықты, орнына ілеміз деп. Содан жаңағы туысы барып алады анау сақталған үйге барып, балаларынан рұқсат алып. Содан айшық жоғалады.

 Өлкетанушы Ерлан Мұстафин кісі қолына өтіп кеткен тарихи жәдігерді көп іздеген. Ол туралы тарихи деректерді, естеліктерді жиыстырыпты. Ақыры аз күнде Қытайға өткелі жатқан металл арасынан тауып алған. Көнекөз жәдігерді бұған дейін көргендер жазбай таныпты.

Ұлықбек Есдаулет, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы:
Құнанбайдың көзін көрген құнды жәдігер болып, тарихи бұйым болып есептеліп отыр. Ағасұлтан болып тұрған кезінде 12 болыстың басын қосып осы мешітті салғызыпты. Халықтың рухани әлеміне де қатты көңіл бөлгендігін байқатады деп айтар едім.

Қазір айшық Ерлан Мұстафиннің үйінде сақтаулы. Келешекте мешіттің өзіне табыстамақ. Өлкетанушы алдағы уақытта Құнанбай қажы мешітінің тарихи құжатын және онда ертеректе имам болған тұлғалар туралы деректерді топтастырмақ. Ол үшін сол кездегі мүфтият жұмыс істеген Башқұртстанның Уфа қаласына сапарға шықпақ.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу