«Ashyq»-тың талабын орындамағандар айыппұл арқалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ashyq»-тың талабын орындамағандар айыппұл арқалады

13.09.2021

Ашық бағдарламасымен салынған айыппұлдың арты дауға ұласты. Көкшетаулық тұрғын өзінің заң бұзбағанын алға тартып, айыппұл салған мекемені сотқа берді. Уәлихан Ділдәбаев жұмыс орнының QR-коды арқылы өзінің қай санатта екенін үйде отырып тексермек болған. Дау тудырған мәселені Ермек Елберген анықтауға тырысты.

 Уәлихан Ділдәбаев тамызда коронавирус инфекциясын жұқтырады. Ауруханада жатып, ем алған. Кейін үйіне шыққанда "Ашық" бағдарламасындағы санатын анықтамақ болады.

 Уәлихан Ділдабаев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
 Мен 18-інші тамызда ауруханадан шықтым. Сол күні "Ашық" жүйесінде қандай санатта екенімді білмек болдым. Ол үшін әріптесімнен жұмыстағы QR-коды жіберуін сұрадым. Сол арқылы қарадым. Жұмысқа барған жоқпын. Санитарлық қызмет мамандары сол күні ғана ауруханадан шыққанымды, үйде болдым дегенді ескерген жоқ. Жағдайды жан-жақты қарамай, айыппұл салды.

Айыппұл мөлшері 87510 теңге. Уәлихан Ділдәбаев бұл әкімшілік жазамен келіспегендіктен, іс сотқа жіберілді. Мамандардың айтуынша, "Ашық" бағдарламасына тіркелген мекемелерге жеке QR-код беріледі. Оны сканерлеу арқылы кімнің келіп-кеткені көрінеді.

Қанат Ысқақов, Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
Бұл азаматтың жұмыс орнынан бейнебақылау материалдарын сұраттық. Сол күнгі жазбалар сақталмапты. Оның үйінде болғанына дәлел жоқ. Сондықтан хаттама толтырдық. Егер өзіңіздің санатыңызға күмән болса, мекемелердің QR-коды арқылы тексеруге болмайды. "Ашық" қосымшасында, сайтта, тағы да бірнеше мобильді қосымшаларда қарауға болады. Тұрғындарға осындай әдістерді қолдануға кеңес беремін.

Әкімшілік хаттама шешімімен келіспейтін жалғыз Уәлихан емес. Қазір 7 адамның ісі сотта қаралып жатыр.

Ермек Елберген, тілші:
Жалпы Көкшетау қаласы бойынша 533 адамның қызыл санатта болып, қоғамдық жерлерге барғаны анықталыпты. Оның 213-іне айыппұл салынған. Жалпы соммасы 7 миллион теңгеден асады. Қалғандары бойынша тексеру жалғасуда. Мамандар болса, каратин талаптарын қатаң сақтау керектігін тағы да ескертеді.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу