Түркістан облысы білім басқармасының қызметкерлері оқушылардың тамағы үшін мемлекеттен бөлінген 36 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Еліміздің Қаржы мониторингі агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қомақты қаржы республикалық спорт жарысына баратын мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің жаттығу дайындығы кезіндегі ас-ауқатқа бөлінген. Білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың жетекшісі мен екі маманы спортшы шәкірттерге бөлінген ақшаны алдық дегізіп, тиісті құжатқа сыртынан өздері қолдарын қойып жіберген. Қызметкерлер мұнымен шектелмей өздерін қолға түсірген экономикалық тергеу департаменті қызметкеріне 6 миллион теңге ұсынады.
Қылмыстық істі қазір Шымкент қалалық прокуратурасы қарап жатыр. Заңға сәйкес, күдіктілер 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ғани Қалмаханов