Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толды. 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ даласында ядролық сынақтарды тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Ал 2010 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанның ұсынысымен 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.
Семей полигонында алғашқы атом бомбасы 1949 жылы 29 тамызда жарылды. Аймақта барлығы 456 жарылыс болды. Оның 116-сы жер бетінде. Қазақ даласы осылайша қырық жыл бойы қасірет шекті. 1989 жылы Олжас Сүлейменовтың бастамасымен Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды, оны әлем елдері қолдады. Көп ұзамай еліміз тәуелсіздік алды, ел сенген, үміт артқан тарихи шешім қабылданды, 1991 жылдың 29 тамызында қазақтың тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны біржолата жабылды.
Айгүл Шәріпқызы, Алғабас ауылының тұрғыны:
Халқымыз, ұрпағымыз осындайды көрмесе екен. Полигонды жабуды бастаған Олжас Сүлемейновке, Н. Назарбаевқа алғысымыз шексіз.
Төлеубек Аманғазин ядролық сынақтар жасалғанда бала болған. Ол кезде күнде жасалып жатқан жарылыстардың қандай зиянды екендігін үлкен де кіші де мүлдем білмеді- дейді. Әке-шешесі сынақтың басым бөлігі болған Дегелең тауының дәл іргесінде жылқы баққан. Талай атом ядролық тәжірибесінің құрсауында қалды. Кейіннен орасан зор зардабын көрді-деп еске алады.
Төлеубек Аманғазин, қоғам белсендісі:
Президент Назарбаевтың жарлығымен бұл полигонның үні өшті. Осыны өшіру арқылы бүкіл жер жүзінде бейбітшілікті сақтау, сынақты тоқтату жанталаса қарулануды тию жөніндегі алғашқы бастамалар жасалды. Оның нәтижесін көріп отырмыз.
Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, бейбіт өмірді насихаттауын бүкіл әлем мойындайды, үлгі алады. Белгияның Ипр қаласында ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ядролық сынақ құрбандарына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл қала да бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде химиялық қарудың соққысын көрген. Шараны шаһар басшылығы еліміздің Бельгиядағы елшілігімен бірлесе ұйымдастырды.
Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Семей қаласы мен Ипр қаласы арасында бауырмашылық қарым-қатынас бар. 2012-жылы бір топ мэрлер «Мэрлер бейбітшілік үшін»деген қоғамның өкілдері Қазақстанға барып келген. Олар Қазақстанның ядролық сақтандыру бағытын ерекше атап өтеді, қолдап отырады. Ядролық қаруды сақтандыру, қарусыздану мәселесінде бізді әрқашан қолдап жүреді.
АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай мәлімдеме жасады. Онда Қазақстанды айтулы датамен құттықтай келе еліміздің бүгінгі ұстанымы құрметке лайық екені жазылған.
Сондай-ақ, Қазақстан үкіметіне тұрақты серіктестігі үшін ризашылығымызды білдіреміз делінген.
Оңғар Алпысбайұлы
Арыстан Рысбек
Нұрсұлу Қасым
Ержан Жақып