Шардара ауданында бөбекжай музыканты жұмыстан заңсыз шығарылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара ауданында бөбекжай музыканты жұмыстан заңсыз шығарылған

29.08.2021

Түркістан облысы Шардара ауданындағы бөбекжайдың музыканты Гүлмира Өтегенова жұмыстан заңсыз шығарылғанын фейсбук әлеуметтік желісінде қайта-қайта жазып жүріп, ақыры дәлеледі – Білім министрінің араласуымен тәрбиеші жұмысқа қайта алынды. Бірақ «история» мұнымен бітпейтін сияқты.

Біріншіден, мұндай жағдай – қатардағы мұғалім, тәрбиешіні басыну, ақша жинау, наразылық білдірсе, жұмыстан шығарып жіберуге тоқтам болмай тұр. Екіншіден, әділетті шешім шыққанның өзінде «өш алудың» болатынына немесе қайтадан «таз қалпына» түсетініне де мысал аз емес.

Гүлмирамен хабарласқанымызда, Астанаға барып, өз аузыммен айтып беремін деді. Келді. Кездесіп, сөйлескен, қосымша материал жинаған Саламат Омаш.

 Гүлмира Өтегенова, «Қуаныш» бөбекжай балабақшасының қызметкері:
Менің бармаған жерім қалмады әділдік табу үшін. Денсаулығыма әсер етті. Қан қысымым көтерілетін болды. Есту қабілетім нашарлады.
 Саламат Омаш,тілші:
Шындық жоқ жерде сұмдық көп. 2010 жылдан бастап балабақшада саз тобының жетекшісі болып жұмыс істейтін Гүлмира Өтегенова осы сөзді түсініп, күресін бастады. Тиісті органдарға бірнеше рет арызданды. Бірақ мардымды жауап болмады. Педагог мәртебесі туралы заң бір жақта қалып, мұғалімдердің баяғыша аула тазалап, ақша жинап жүргеніне Гүлмира төзе алмады.
Гүлмира Өтегенова, «Қуаныш» бөбекжай балабақшасының қызметкері:
Бұйрық туралы қағаз келді. Таңғы сегізден алтыға дейін аула тазалаймыз деген. Әлеуметтік желіге салдым бұйрықты. Себебі заңсыз болды. 
Саламат Омаш,тілші:
Гүлмираның сөзінше, балабақшада маска, антисептик, медициналық қолғапқа дейін ақша жинаған. Бұны Гүлмира әлеуметтік желіге жариялайды. Сосын әрине, жұмыстан қуылады. Заңсыз. Иә, тура айтсаң туғаныңа да жақпайсың. Шардара ауданының білім бөлімі, Түркістан облысының білім департаментінен қайыр болмағасын, Гүлмира білім министрі Асхат Аймағамбетовтің өзіне кіріп, мән жайды түсіндірген.
 Гүлмира Өтегенова, «Қуаныш» бөбекжай балабақшасының қызметкері:
О кісі бұйрықтар сіздің атыңызға жазылған заңсыз екенін байқап отырмын деді. Сөйтті де білім бөлімінің басшысына хабарласып бұйрықтың күшін жоюын айтты.
 Күләнда Батырбекова, «BILIM INVEST» қауымдастығының вице-президенті:
 Екінің бірі министрге бара берсе не болады? Бұл жерде облыстық, аудан білім басшылары қайда? Не істеп, қайда қарап отыр ол кісілер?
 Аятжан Ахметжанұлы, Нұр-Сұлтан қаласы №90 мектеп-гимназиясының директоры:
Жергілікті атқарушы билікке қол астындағы мұғалім мен оқушы, ата-ана тағдыры емес, жоғары жақтан берілген тапсырма ғана маңызды. Білім министрлігінің бір балабақшадағы жағдайға араласуы министрліктің қоңыз теріп кетуі, ұсақшылдығы. Таңқалатыным бір жазда Түркістан облысында он шақты шу болды.
  Саламат Омаш,тілші:
Біз осы оқиға бойынша бірінші білім министрлігіне хабарластық. Олар Түркістан облысының білім департаменті жауап береді деді. Департаментпен келістік. Бірақ сұқбат берерде баспасөз хатшысы ауырып қалғанын, басшысы аудан аралап кеткенін айтып, Шардара ауданының білім бөлімі жауап береді деді. Ал ол жақта бұл мәселені мүлдем сөз қылмауымызды сұрады. Бөбекжайға қатысты тексеру басталмаған. Ал басшыларды тергеу енді ғана қолға алыныпты.
 Өмір Шыныбекұлы, ҚР Білім саласына еңбек сіңірген қызметкер:
 Министрлік арқылы шешілді дегенімен, бұлай үнсіз шешілгенін қаламас едім. Себебі Гүлмира бірнеше аудио жариялады. Ол бойынша басшылары көп ақша жинаған. Солар сараптамаға жіберіліп, дауыс иелері анықталып, тексеріліп, солар жауапқа тартылуы керек.
Аятжан Ахметжанұлы,Нұр-Сұлтан қаласы №90 мектеп-гимназиясының директоры:
Біз құқықтық мемлекет болмадық. Яғни елде заң бар, бірақ орындалмайды. Орындалмайтын заң педагог мәртебесі ғана емес. Конституция орындалмаған жерде басқа ештеңе де орындалмайды.
 Саламат Омаш,тілші:
Гүлмираны жұмысқа қайта қабылдады. Бірақ ол алда түрлі моральдық қысым көруі мүмкін. Егер жағдай қайталанса күресті жалғастырамын. Амал не, айтпайым десем аузым бар, көрмейін десем көзім бар дейді ол.
 Гүлмира Өтегенова, «Қуаныш» бөбекжай балабақшасының қызметкері:
Көп адам қорқады. Жұмыстан шығып кетеміз, қудаланамыз деп. Естуім бойынша тіпті пікір жазуға қорқады. Әділдік таппай жүрген әріптестер. Менің қиыншылығымды көріп отырсыздар. Басшыларға қарсы шығыңыздар деп жатқан жоқпын. Өз құқықтарыңызды біліңіздер. Сонда ешқандай заңсыздыққа жол болмайды.
Ләззат Нұрғали, қоғам белсендісі:
Ұстаздың жаны қиналған жан күйзелісі біздің надандығымыз деп есептеймін. Қорғай алмай біз ұстазымызды. Менің проблемам емес, айдаладағы басқа біреудің мәселесі деп қарап отыруға болмайды.
 Саламат Омаш,тілші:
Гүлмира басына іс түскенде қасынан табылып, қолдау білдірген адамдарға рахмет айтады. Біз бір ғана жағдайды көрсеттік. Шындық іздеп шырылдағандар қаншама... Бір ғана нәрсе. Сен өмірде күресемін, заң талаптарын орындатамын, шындықты қалаймын десең, соңына дейін шыдайтын ерік-жігер мен жүйке керек. Бұл осы жолдан өткен Гүлмира Өтегенованың сөзі.


Хабарламаларға жазылу