Жамбыл облысында эвакуацияланған елдімекендерді полиция күзетеді. Бос қалған үйлер тоналмас үшін сақшылар ауылдарды қоршауға алып, айналаны шолып жүр. Жалпы, тұрғындарды оқшаулау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына Жамбыл облысы полиция департаментінің 300 полицейі мен 47 автоэкипажы және Ұлттық ұланның 520 әскери қызметшісі тартылды.
Тараз қаласының мектептеріне Байзақ ауданының Қайнар, Бота-мойнақ, Жібек Жолы ауылдары және Үшбұлақ стансасының 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Ішкі істер министрлігі тексерілмеген немесе жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін ескертті. Осы жағдайға байланысты сұрақтар туындаса 109 немесе 8778 810 91 09 ватсап желісіне хабарласуға болады.