Арыстағы жарылыстың хроникасы: 4 адам қаза тапқан еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылыстың хроникасы: 4 адам қаза тапқан еді

27.08.2021

Естеріңізде болса, 2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болып, арты алапат өртке ұласқан еді. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 500-ге жуық тұрғын медициналық көмекке жүгінді. Қала тұрғындары шұғыл түрде Шымкент пен көршілес аудандарға көшірілді. Жарылыстан соң төртінші күн дегенде жұрт үйіне қайтты. Апат салдарынан 7600-ден аса үй зақымданып, 480 баспана жарамсыз деп танылды. Сол кезде аймаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барып, халықпен жүздесті. Жағдаймен жіті танысқан соң, қираған үйлер мен нысандарды жөндеп беруге уәде берді. Бір жыл ішінде уәде толығымен орындалып, қираған үйлер мен ғимараттар қалпына келтірілді.

Президент шешімімен жарылыстан зардап шеккен 62 жарым мыңнан аса тұрғынға жалпы құны 6 миллиард 257 миллион теңге көлемінде көмек берілді. Арыс қаласынан шамамен 380 мың оқ-дәрі шығарылып, осы мақсатта көліктермен 5 мыңнан аса рейс жасалған. Оның ішінде 300 мыңға жуық оқ-дәрінің тағы да жарылу қаупі бар деп мәлімдеген еді жауапты орган өкілдері. Сондай-ақ, отандастарымыз Арыс тұрғындарын қолдау мақсатында «Арыс, біз біргеміз» акциясын бастап, гуманитарлық көмек жөнелткені мәлім. 2019 жылы 26 шілдеде жарылыстың орын алуына кінәлі деп айыпталған 16 адамға сот үкімі оқылды. Ең ауыр жаза – 10 жыл. Шартты жазаға кесілгендер де бар. Айыпталушылар шешім әділетсіз деп келіспейтіндерін жеткізді. Ал жарылыстан зардап шеккен жәбірленушілер керісінше, сот үкіміне наразылық білдіріп, көңілі толмады. 

Хабарламаларға жазылу