Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылының тұрғындары кен өндіруші компаниялардың жұмысына наразы. Жергілікті халықтың айтуынша, қатты жарылыстардан тұрғын үйлер мен ғимараттарға зақым келген. Зиянды заттардан ауа ластанып, халықтың денсаулығы да нашарлап кетті деп шағымданған Ақбиік тұрғындарымен әріптесім Айнұр Ақбаева тілдесті.
Айнұр Ақбаева, тілші:Соңғы екі жылда Абайыл кен орнындағы жарылыстардың саны жиілеп кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша кей күндері төрт-бес ретке дейін жарылыс болады. Салдарынан Ақбиік ауылын шаң басып, тұрғындардың тыныс алуы қиындай түскен.
Ашынған халық ауылдың шетіне жиналып, темір рудаларын тасымалдайтын көліктердің жолын жауып тастады. Себебі, күніне отызға тарта жүк көлігі жұрттың тыныштығын бұзғаны былай тұрсын, денсаулығына зиян келтіріп отыр.
Небәрі 2,5 шақырымдай жердегі жарылыстан тұрғын үйлердің ғана емес, жаңадан салынған балабақшаның да қабырғалары жарыла бастаған. Ал, мектепке дейінгі мекеменің басшылығы қатты дүрсілден бүлдіршіндердің ұйқысы бұзылып, сыртқа шығарудан қалдық деп отыр.
Айнұр Жапбарова, балабақша меңгерушісі:Әсіресе балалар ұйықтаған кезде шошып оянады. Ол бір дауыс емес, артынан бірнеше рет жарылыс болғанк езде бала тіптен басқаша бір күй кешеді. Мына біздің бөбекжайымыздың іші-сыртын көрсеңіздер қақ-қақ айырылып кеткен кәдімгідей.
Бақытжан Мирхамитов, Ақбиік Ауылының тұрғыны:Мысалы күніне жоқ дегенде орта есеппен алғанда отыз камАЗ алып өтеді. Ол не бойынша бұлар жауып алып өту керек, ашық алып өтеді. Халықтың қойып отырған талабы да осы жарылысты тоқтатсын. Алатын затын қазып алсын. Сөйтіп жолды салып алсын керек жағына барып, ауылдың ішімен жүрмесін.
Ақбиіктің халқы мәселесін айтып бармаған жеріміз жоқ. Бірақ одан ешбір нәтиже шығар емес дейді. Аудан басшылығы болса бұл мәселеден хабардар. Бірақ бұл компаниялардың жұмысына араласа алмаймыз дегеннен әрі аса алмады. Себебі, еліміздің экология министрлігі оларға жарылыс жасап, темір рудаларын өндіруге рұқсат берген.
Бауыржан Ахметов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:Біз «Ферум констракшн» және тағы қасындағы кәсіпкерлерге ескерту бергенбіз өз тарапымыздан. Төмендетіп, шкаласын төмендетіп бұрғылап өндіру жөнінде хат жүзінде жолдаған болатынбыз. Мөлшерін азайтпаса, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиясын алып қою бойынша жұмыс жасаймыз.
Жергілікті билік тек ауыл шетінен жол салып беруге уәде етті. Ал,Ақбиік жұрты жарылыстарды тоқтатпаса, жүк көліктерінің жолын бөгеп, Үкіметке шағымданамыз деп бекініп отыр.
Айнұр Ақбаева