АҚШ-тың солтүстік-шығысына тропикалық Генри дауылы жетіп, 120 мың үй электр жарығынсыз қалды. Олардың көбі - Род-Айленд штатының тұрғындары. Қазір жел секундына 5,5 метр жылдамдықпен соғып, елдің солтүстік-батысына қарай ойыса бастады. Осыған орай, Лонг-Айленд аралы мен Жаңа Англияның миллиондаған тұрғынына тасқын жүріп, күшті жел тұратыны ескертілді. Ал, бұған дейін Теннеси штатында су тасқынынан 21 адам қаза тапқан. Тағы ондағаны жоғалып кетті. Табиғи апаттан Уэверли қаласы орасан зардап шегіп отыр. Мұнда ағаштар тамырымен жұлынып, үйлерге құлаған. Жүздеген адам баспанасыз қалды. Және де көліктерді, көпірлерді, жолдарды су шайған.
Ал, Мексикада Грейс дауылы әкелген лай көшкінінен 5 бала мен олардың анасы қаза тапты. Марқұм болған бүлдіршіндердің ең кішісі 15 күн бұрын дүниеге келген екен. Ал, олардың әкесі мен 7 жасар бауыры тірі қалып, ауруханаға түсті. Айта кетсек, Грейс дауылы Мексикаға сенбіде соққы берді. Табиғи апаттан барлығы 8 адам қаза тапқан. Қазір дауыл бәсеңдеп, таулы аймаққа қарай жылжып барады.
Арай Төлегенқызы