Израильде 40-тан асқандарға вакцинаның үшінші дозасын егу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильде 40-тан асқандарға вакцинаның үшінші дозасын егу басталды

20.08.2021

Израильде «Дельта» штамын тоқтату үшін жасы 40-тан асқан азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын егу науқаны басталды. Бұған дейін мұндай доза 50-ді еңсергендерге ғана ұсынылған еді. Және де осы жолы басымдық ұстаздарға, дәрігерлерге, жүкті әйелдерге берілмек. «Рейтердің» мәліметіне сай, 9 млн 300 мың израильдіктің 1 миллионы ғана ковидке қарсы үшінші рет егілген. Өзге бір деректерге жүгінсек, қосымша доза инфекцияның алдын-алуда 86 пайызға тиімді екен. Дегенмен, ғалымдар мен денсаулық сақтау агенттіктері арасында бұл мәселеге қатысты ортақ пікір жоқ.

Мексикада пандемия басталғалы коронавирустан 250 мыңдай адам қаза тапқан. Індет жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 29 мың адамға жетіп отыр. Бір тәулікте ковидтен 940 адам көз жұмды. Ауруханаларда науқастарды қабылдайтын орын тапшы, оттегі де жетіспей жатыр. Елдің денсаулық сақтау саласы өкілдерінің сөзінше, коронавирусқа шалдыққандардың нақты саны ресми мәліметтегіден 60 пайыз көп болуы мүмкін. Бұған ауруды анықтау тестілерінің баяу жүргізілуі себепші.

Рейна Санчез, Мексика тұрғыны:
Өкінішке орай, вакцина алған адамдар да вирус жұқтырып жатыр. Көпшілік маска тағып, сақтық шараларын ұстанудың маңызын түсінбейді. Ең қиыны - балаларымыз да ауырып жатыр. Кеше бірнеше жеткіншек ковидке шалдығып, ауруханаға түсті.

Ал, Австралияда коронавирусқа орай енгізілген локдаун мерзімі қыркүйектің соңына дейін ұзартылды. Бұған қоса, «Дельта» штамы көп тараған аудандарда коменданттық сағат жарияланған. Тұрғындар кешкі сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін көшеге шықпауы тиіс. Барша жұрт маска тағып жүруге міндеттелді.

Жаңа Зеландия да локдаун мерзімін ұзартуға мәжбүр. Бұған ковид жұқтырғандар санының артуы себеп болды. Жарты жыл бойы пандемиядан аман тұрған елде тамыздың 17-де бір адамнан вирус анықталған еді. Бүгін түскен мәліметке сай, ковид диагнозы 11 адамға қойылған. Ел билігі локдаунды тағы бір аптаға созып, шектеу шаралары әлі де ұзартылуы мүмкін екенін ескертті. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу