Арыстағы жарылыстан кейін дүрлігіп, ой мен қырға шашыраған жұрт өз қоныстарына оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылыстан кейін дүрлігіп, ой мен қырға шашыраған жұрт өз қоныстарына оралды

01.07.2019

Төрт күн бойы Шымкент пен Түркістан облысы аумағындағы эвакуациялық орталықтарды паналағандар қалаға арнайы көліктермен жеткізілді. Алдын жасалған болжам бойынша, жойқын жарылыстар қару жарақ пен оқ-дәрі сақтайтын қоймада тұтанған өрттен пайда болған. Оның өзге де себептері енді тексерілетін болады. Жалпы әскери бөлімдер көп шоғырланған Арыс ауданы аймағында соңғы он жылдың ішінде осындай 3 жарылыс болған екен. Бұл жолғы төртіншісі. Оның салдарынан 6 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған. Ал бұл жолы апаттан 90-дай адам жарақат алып, үш азамат қайтыс болды. Арысқа Қызылорда мен Жамбыл облыстарынан арнайы келген мамандар дезинфекция жұмысын жүргізді. Жалпы 2 мың 700 гектар аумақты алып жатқан әскери бөлімнің аумағында 89 оқ дәрі сақтау қоймасы орналасқан. Жұрттың талай жылдан бері айтып жүрген тілегі орындалып, осы жолы оқ дәрі сақтайтын әскери қойма өзге жаққа көшірілетін боп шешілді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

Президенттің тапсырмасы бойынша ол «Арсенал» жойлады. Мұнда Арыста болмайды. Қазір де жоқ. Өйткені барлық қауіпті оқ-дәрілер жарылып кетті. Қалған қару жарақ басқа қоймаларға таратылатын болады. Мұнда «Арсеналдан» басқа 1-2 әскери бөлім бар. Олардың оқ-дәріге қатысы жоқ. Сондықтан олар қауіпсіздік үшін қалуы мүмкін.

Соңғы дерекке сүйенсек, жарылыстардан 21 нысан жермен- жексен болған. Бүгінгі есеп бойынша, 104 көпқабатты үй, 7 200-ге жуық жер үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, мен бірнеше мемлекеттік орган ғимараттарына зақым келген. Көбінің есік-терезесі сынып, шатыры ұшқан. Ал қай үйге қандай шығын келгенін арнайы мамандар анықтап жүр. Облыс әкімінің айтуынша бірде-бір адам далада қалмайды. Арыс бір ай ішінде толық қалпына келтіріледі. Ол үшін мемлекеттік материалдық қордан құрылысқа қажетті заттар бөлінген. Үкіметтік комиссия отырысында 10 шақты кешенді шараның қолға алынатыны белгілі болды. Атап айтсақ, қаланың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден бір реттік өтемақы төленеді. Бұл дегенің 44781 мың адам. 4 мың бала сауықтыру лагерлеріне жіберіледі. Қала кәсіпкерлеріне 1 шілдеден бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беріледі.

Хабарламаларға жазылу