АҚШ-та жеті күн қатарынан коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік саны 129 мыңнан асты. Жағдайды Дельта штамы ушықтырып отыр. Коронавирустың тез жұғатын түрінен әсіресе 30-39 жас аралығындағы адамдар көптеп науқастанып, ауруханаға түскен. Бұдан елдің медицина қызметкерлеріне айтарлықтай салмақ түсті. Рейтер агенттігінің мәліметінше, қауіпті індетпен күресіп жатқан ақ халаттылар эмоциялық жағынан зорыққан. Ал, Техастағы 53 аурухананың интенсивті терапия бөлімшелерінде науқастарды қабылдауға орын жетіспей жатыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, тамыздың басынан бері АҚШ-та 1,5 миллион ковид жұқтыру фактісі тіркелген.
Ал, Австралияда коронавирусқа қатысты шектеулерді бұзғандар үшін рекордтық көлемде айыппұл бекітілді. Сидней және Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының тұрғындары бұдан былай карантин шараларын сақтамағаны үшін 3700 доллар төлеуі тиіс.
Айта кетсек, Сидней билігі тоғызапталық локдаунды тамыздың соңында алып тастайтынын мәлімдеген еді. Алайда, ковид жұқтырғандар санының өсуіне байланысты шектеу мерзімі тағы ұзартылуы мүмкін.
Арай Төлегенқызы