Павлодар облысында мүгедек балаларға тиесілі 40 млн теңге талан-таражға салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында мүгедек балаларға тиесілі 40 млн теңге талан-таражға салынған

12.08.2021

Павлодар облысы Ақсу қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бюджеттің 40 млн теңге қаржысын талан-таражға салған. Ең сорақысы, бұл ақша мүгедек балаларға тиесілі болған. Мұны ішкі мемлекеттік аудит анықтады. Заңсыз жұмсалған ақшаның 75 пайызын мемлекеттік қызметкерлер қазынаға қайтарды. Бірақ тексеруді жүргізген құзырлы мекеме бұл істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментіне тапсырды. Бұған құжаттардың қолдан жасалуы себеп болып отыр. Яғни, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мүгедек балаларға қолдау көрсетілді-деп жалған хаттама толтырып, жеке меншік серіктестіктің есепшотына қаржыны аударып жіберген. 

Айтуар Ағыбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл департаменті тергеу басқармасының бастығы:
Бюджет қаржысын ұрлап оны жеке мақсатта пайдалану дерегі бойынша іс қозғалды. Серіктестік 30 млн теңгені мемлекетке қайтарды. Тергеу амалдары жүріп жатқандықтан басқадай мәліметтерді жариялай алмаймыз. Мемлекеттік қызметкерлерге қандай жаза қолданылатынын сот шешеді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу