Жетісай ауданында инфекциялық аурухананың 80 пайызы толған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісай ауданында инфекциялық аурухананың 80 пайызы толған

11.08.2021

Түркістан облысы бүгіннен бастап қайта «Қызыл аймаққа» енді. Әсіресе халқы тығыз әрі шекарада орналасқан аудандарда індетке шалдығушылар қатары күн санап артып отыр. Солардың бірі Жетісай ауданында қазір инфекциялық аурухананың 80 пайызы толып, ауыр науқастар көптеп түсуде.

Жетісай ауданындағы орталық ауруханың инфекциялық бөлімшесінде қазір 150-дей науқас ем қабылдауда. Індет жұқтырғандардың дені ауруын асқындырып түскендер. Солардың бірі Жетісай қаласының тұрғыны Жәдігер Сұлтанов. Ол бастапқыда ауру жұқтырғанына сенбей, екі аптадай жүріп қалған.

Мамандар қазіргі вирустың жас талғамайтынын айтады. Мәселен, өткен жылы көбінде егде жастағы адамдар індетке шалдықса, биыл дельта штамын жас та жүкті әйелдер де жұқтырып жатыр.Сондықтан ауру белгілері пайда болған бойда дәрігерге көріну керек деп кеңес береді.

Зура Сәтмұрзаева, науқас: 
Келген кезде мен білмеймін, не болғанын білмеймін. Екі – үш күнде жақсы болып қалдым.  Осыдан жазылып шықсам, вакцина аламын.

 Індетпен бетпе-бет келген дәрігер мен медбикелерге де оңай емес. Олар бір ауысымға түскенде кемінде жиырма күн жүретіндерін айтады.

Рашид Деспенбет, дәрігер: 
Қазіргі таңда күшейіп келе жатыр. 15-20, бір кездері 30 науқасқа дейін келіп жатады. Бұл жерде өкпенің зақымдалғанына қарай. 20-25, 30 пайызға дейін науқастың жағдайына қарап, амбулаториялық емге жіберуге тура келіп жатыр.

Аймақта індет басталғалы бері 11 мың адам кесел жұқтырған. Дені- 20-49 жастағылар. Қазір өңірдегі ауруханалар 8 оттегі станциясымен қамтылып, тыныс алу апараттарының саны 400-ге жеткен. Сондай-ақ, 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу