Вакцина- ұжымдық иммунитет қалыптастырудың төте жолы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вакцина- ұжымдық иммунитет қалыптастырудың төте жолы

04.08.2021

Тұрғындардың басым бөлігі вакцина егілмейінше карантинді жеңілдетуге болмайды. Профессор Алмаз Шарман осылай деді. Келесі сейсенбі, яғни 10-шы тамыздан бастап елімізде вакцина алмаған азаматтарға жұмысқа кіруіне тыйым салынады. Вакцина алмаған жағдайда қызметкер аптасына бір рет ПТР тест тапсыруы керек.

Қазір жер жүзінде 4 млрд-тай адамға вакцина егілген. Ал, бұл сан біздің елде 20 пайыздан жаңа асты. Профессор Алмаз Шарман қазақстандықтардың 80 пайызы иммундалмайынша карантиндік шараларды жеңілдетуге болмайды деген пікір айтты.

Алмаз Шарман, профессор:
Карантинді әлсіретсек, коронавирустың вакцинаға төзімді жоғары инфекциялық коронавирус штамдарының пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл вирустың табиғи жолмен іріктелуіне жол берсек осы сценарий өрбуі ықтимал. Қорыта айтқанда, азаматтардың 80%-ға жуығы вакцинацияланбайынша, карантиндік шараларды әлсіретуге болмайды.

Вакцина 100 пайыз қорғамаса да, коронавирустың жеңіл өтуіне сеп. Мінберге шыққандардың бәрі бірауыздан осыны айтады. Ұжымдық иммунитет халықтың 80 пайызы вакцина алған жағдайда немесе вирусты жұқтырып, ауырғаннан кейін пайда болмақ.

Қазіргі таңда, ауруханалардағы төсек орынның 56 пайызы толған. Министрлік қажет болса, қосымша 12 мың төсек орнын ашуға әзір. Мамандардың айтуынша, вакцина салдырғанына қарамастан, 7 мыңнан астам адам вирусты жұқтырған. Олардың 80 пайызына спутник-V вакцинасы егілген. Елордада күн сайын 5-6 мың адам вакцина алуға келеді. Қазіргі таңда елімізде вакцинаның екі түрі бар. Олар КазВак және Спутник-V.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу