Грекия астанасы Афиныда жүздеген адам үкіметтің өртпен күресін сынға алып шеруге шықты. Наразы халықты биліктің өрт сөндірушілерге қажетті көлік, ресурс, қаражатты жеткілікті түрде бөлмегені ашуландырып отыр. Бұған қоса, демонстранттар экологияға қатысты саясатқа көңілі толмайтынын жеткізді. Шерушілердің сөзінше, билік миллиондаған еуро қаражатты әскери ұшақтарға жұмсап, өрт сөндірушілерді ұмыт қалдырады.
Грекия премьері Кириакос Мицотакис болса, тілсіз жаумен күресте дәрменсіздік танытқаны үшін халықтан кешірім сұрап, өрт шарпыған ормандарды қайта қалпына келтіруге уәде етті. Бұған қоса, үкімет басшысы өрт кезінде дүние-мүлкінен айырылғандарға өтемақы берілетінін мәлімдеді.
Айта кетсек, Грекияда ормандардың өртеніп жатқанына бір аптадан асты. Соңғы мәліметтерге сай, 500-ден астам от ошағы тіркелген. Өрт сөндірушілер қазір Эвиа аралындағы жалынды тоқтата алмай жатыр.
Арай Төлегенқызы