Алматы облысында жүкті әйелдер арасында індет өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жүкті әйелдер арасында індет өршіп тұр

09.08.2021

Індеттің күшеюіне байланысты Атыраудағы Теңіз мұнай кенішінде өндіріске қатысы жоқ жұмысшылардың вахталық ауысымы уақытша тоқтатылды. Ал, Алматы облысында жүкті әйелдер көптеп вирус жұқтыруда. Қаңтардан бері 2000-ға жуық ана ковидке шалдыққан. Елдегі өзге де жаңалыққа Жандос Темірғали шолу жасайды.

Алматы облысында жыл басынан бері төрт жас босанған ана коронавирустан көз жұмды. Стационарда ем қабылдап жатқан 139 жүкті әйелдің 10-ы ауыр хәлде. Жалпы бірінші қаңтардан бері 2000-ға жуық аяғы ауыр әйел індетке шалдыққан.

Ләйлә Серікбаева, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Көбінесе олар тойға барғандар. Асқа барған. Көбінесе сондай жерлерден жұқтырып алып келеді әйелдер. Көбі өз-өзін нетіп, уақытысында емделуге келмейді де сондай жағдайларға ұшырайды.

Түркістан облысында да қауіпті вирусты жұқтыру көрсеткіші соңғы екі аптада 1,2 есеге өскен.Індет жұқтырғандар- екпе алмаған тұрғындар. Инфекциялық ауруханаларда ем қабылдап жатқан 2 мыңнан аса адамның тек 154-ті ғана вакцина салдырған. Жалпы өңір сары аймаққа өткенімен, Жетісай мен Мақтаарал аудандары және Түркістан, Кентау қалалары Қызыл аймақта қалып отыр.

Індеттің таралуын бәсеңдету үшін Атыраудағы Теңіз мұнай кен орны өндіріске қатысы жоқ жұмысшылардың вахталық ауысымын уақытша тоқтатты. Өндірістік жұмыстар бірқалыпты жүре береді. Тек вахталық қалашықтарда карантиндік талаптар қатаңдатылады. Өткен тәулікте кеніштің 60 қызметкерінен індет анықталды.

Облыс орталығында да эпидахуал күрт нашарлап кетті. Өткен тәуліктің өзінде 400-ден аса адамнан індет анықталды. Стационарларда 1600-ден астам науқас жатыр. 95 адамның жағдайы ауыр. Бір қуантарлығы- өкпесінің 94 пайызы қабынған 56 жастағы тұрғын ауруханадан жазылып шықты. Бұл өңірде тіркеліп отырған бірінші жағдай.

Жібек Қазиева, тұрғын:
Бірінші Алланың күшімен, екінші ақхалатты абзал жандардың күшімен жеңіп шықтым. Ең бірінші өзіңнің күш-жігерің мықты болуы керек. Аурумен күресіп өмірге таласуың керек. Әйтпесе бұл ауру қатты болса жеңе алмайсың.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу